Елордалық мектепте «Атамекен – достық мекені» этнолагерінің үшінші маусымы басталды

Елордалық мектепте «Атамекен – достық мекені» этнолагерінің үшінші маусымы басталды

Астанадағы №91 мектепте «Атамекен – достық мекені» жазғы этнолагерінің үшінші маусымы басталды. Жобаның негізгі мақсаты – оқушыларды қазақ халқының ұлттық дәстүрлерімен, рухани мұрасымен және мәдениетімен таныстыру, мемлекеттік тілге, ел тарихына және отбасы құндылықтарына құрмет қалыптастыру, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жоба «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Лагерьдің басты символы ретінде мектеп ауласына киіз үй тігілді. Дәл осы жерде тақырыптық сабақтар, шеберлік сағаттары, танымдық кездесулер, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық мұрасына арналған іс-шаралар өткізіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай орта балалардың тек жаңа білім алып қана қоймай, ұлттық болмысты терең сезінуіне мүмкіндік береді.

№91 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зоя Баймұханованың айтуынша, оқу орнында заманауи білім берумен қатар қазақы құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлінеді.

«Біз заманауи білім берумен айналысамыз. Сонымен бірге қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттауға айрықша мән береміз. Бұл жұмыста ата-аналардың рөлі өте маңызды», – деді ол.

Бағдарлама аясында оқушылармен қатар олардың ата-аналарына да арналған түрлі іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер мен тақырыптық кездесулер ата-аналардың бала тәрбиесіне белсенді араласуына ықпал етеді.

Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді меңгерту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ тілінде еркін сөйлей алмайтын әрі ұлттық лексиканы жеткілікті деңгейде білмейтін балалар аз емес.

Сондықтан шығармашылық сабақтар, ойындар, мәдени іс-шаралар мен танымдық бағдарламалар арқылы оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырып, сөздік қорын байыту және ұлттық мәдениетке жақындату көзделген.

Лагерь маусымының ашылуына Сарайшық ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өкілдері қатысты.

Арнайы қонақ ретінде шақырылған «Тұмар» көркемөнерпаздар ұжымы мен «Тамға» этнофольклорлық ансамблі қазақтың халық әндерін орындап, балаларға бата берді. Олар батаның халқымыздың мәдениетіндегі ізгі тілек пен ақжолтай ақ ниеттің белгісі екенін атап өтті.

Сонымен қатар балаларға ұлттық тағамдар ұсынылған дастарқан жайылды.