Астанада пара каратэден Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қарсы алу рәсімі өтті

Астанада пара каратэден Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қарсы алу рәсімі өтті

Индонезияда өткен WKF пара каратэден V Азия чемпионатында өнер көрсеткен астаналық спортшылар елордаға оралды. Құрлық біріншілігінің жүлдегерлерін Астана халықаралық әуежайында туған-туыстары, жақындары, достары, әріптестері, спорт қауымдастығының өкілдері мен жанкүйерлер салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Еске салайық, Азия чемпионаты 16-21 маусым аралығында өтіп, оған құрлықтың 7 елінен 50-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Бұл жетістікке астаналық спортшылар да елеулі үлес қосып, 2 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды.

Азия чемпиондары атанғандар: Ләззат Жүсіпова; Нұржайна Жаннетова. Ал Рустам Билялов, Азиза Ибраимова және Ерлан Нұрмағамбетов құрлық біріншілігінің қола жүлдегері атанды.

«Елорда» спорт клубының жаттықтырушысы Мейрамгүл Дукуеваның айтуынша, команда Азия чемпионатына бір жыл бойы жүйелі түрде дайындалған.

«Бұл жеңіс – спортшылардың қажырлы еңбегі, тәртібі және жүйелі дайындығының нәтижесі. Біздің пара каратэшілер жоғары шеберлік деңгейін көрсетіп, Қазақстан құрамасының Азия чемпионатының жалпыкомандалық есебінде алғаш рет жеңімпаз атануына зор үлес қосты. Біз бұл турнирге бес жылдан бері қатысып келеміз. Сондықтан бұл жеңістің біз үшін маңызы ерекше», – деді Мейрамгүл Дукуева.