
Астана қаласының әкімдігінде «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысып, қоғамда заңға деген құрметті қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдарын талқылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
«Заң мен тәртіп» қағидатының мәні мен бағыттары туралы Астана қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Саида Сейтахметова айтып берді.
«Бүгінде заңдылық пен қоғамдық тәртіп ұғымдары тек құқық қорғау органдарының жұмысы аясымен шектелмейді. Мемлекеттік қызметшілер де қоғамда орнықты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға атсалысуы тиіс, яғни заңды сақтау әр адамның ішкі нормаға айналуы қажет. «Заң мен тәртіп» қағидаты еліміз бойынша осы мақсатта жүзеге асырылып жатыр», – деді ол.
Бұл тұжырымдаманың негізгі мақсаты – заң шектеу құралы ретінде емес, әділеттілік, қауіпсіздік және өзара құрметтің негізі ретінде қабылданатын қоғам қалыптастыру. Оның басты қағидаты – лауазымына, әлеуметтік жағдайына немесе мәртебесіне қарамастан, заң алдында барша азаматтың теңдігі.
Спикер құқықтық мәдениетті ерте жастан қалыптастыруға ерекше назар аударды. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, заңға құрмет отбасында, балабақшада және мектепте қалыптасуы тиіс. Бұл үшін жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған білім беру бағдарламалары, ағартушылық жобалар, мәдени және спорттық іс-шаралар қолданылады.
Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – халықты кеңінен ақпараттандыру. Тұжырымдаманы жүзеге асыру аясында әлеуметтік желілер, интернет-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары белсенді пайдаланылуда. Бұл іске қоғамдық бірлестіктер, волонтерлер, қоғамдағы пікір көшбасшылары мен сарапшылар тартылған.
Талқылау барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Әсел Молдағалиева цифрлық шешімдердің маңызын атап өтті. Мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал ететіні айтылды.
Кездесу барысында тұжырымдаманы іске асырудың бес негізгі бағыты айқындалды. Олардың қатарында жастардың құқықтық тәрбиесін күшейту, азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру, мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестікті дамыту, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформалар арқылы ағартушылық жұмыстарды жандандыру бар.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтар мен қаржылық қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударылды. Мамандар халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңызын атап өтіп, алаяқтық схемалардың күрделеніп бара жатқанын ескертті. Азаматтарға жеке деректерді қорғауға мұқият болу және күмәнді қаржылық операциялардан сақтану қажеттігі айтылды.
Қатысушылардың пікірінше, «Заң мен тәртіп» қағидатын тиімді жүзеге асыру азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға әрі мемлекеттік институттарға деген сенімді күшейтуге ықпал етеді.
#законипорядок #заңментәртіп