Азия кубогының қатысушылары Астананың тазалығы мен қонақжайлығына жоғары баға берді

Азия кубогының қатысушылары Астананың тазалығы мен қонақжайлығына жоғары баға берді

Астанада осы күндері триатлоннан Азия кубогының кезеңі өтіп жатыр. Жарысқа қатысуға келген шетелдік спортшылар турнирдің ұйымдастырылуы мен Астанадан алған әсері жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қатысушылар жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, спортшыларға қажетті жағдай толық жасалғанын және қалалық ортаның қолайлылығын атап өтті. Олар әсіресе Астананың тазалығына, заманауи келбетіне, саябақтарына және қонақжай атмосферасына ерекше назар аударды.

Палестина ұлттық құрамасының мүшесі Мұхаммад Насиб Азия кубогына алғаш рет қатысып отырғанын айтты. Оның сөзінше, жарыс халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылған.

«Шынымды айтсам, Астана маған қатты ұнады. Әзірге қаланы толық аралап үлгермедік. Дегенмен жарыс өтіп жатқан Триатлон саябағы өте таза, жайлы әрі әдемі екен. Мұнда спортшылар үшін барлық жағдай жасалған.

Қаланың абаттандырылуына ерекше көңіл бөлінетіні байқалады. Астананың одан әрі өркендеуі мен табысқа жетуін тілеймін», – деді ол.

Әзербайжан құрамасының көшбасшысы Әли Рзазаде де турнирдің ұйымдастырылуы мен елорданың қонақжайлығына жоғары баға берді.

«Астана – өте әдемі қала. Заманауи сәулеті, көрікті ғимараттары мен саябақтары жағынан туған қалам Бакуді еске салады. Қала ұқыпты күтімге ие әрі өмір сүруге қолайлы. Мұнда болғаныма қуанамын», – деді спортшы.

Өзбекстан құрамасының резервтегі мүшесі Азизулло Абдулходиев те жарыс туралы оң пікір білдірді.

«Мұнда бәрі өте жақсы ұйымдастырылған. Маған қаланың саябақтары мен жалпы атмосферасы ұнады. Астана – таза, көрікті әрі жайлы қала. Мұнда спортшылар мен қонақтар үшін барлық мүмкіндік қарастырылған», – деді ол.

Еске салайық, триатлоннан Азия кубогының кезеңі Астанада әлемнің 20 елінен келген 300-ге жуық спортшының қатысуымен өтіп жатыр. Турнир Elite, Junior, Age Group және паратриатлон санаттары бойынша ұйымдастырылған.