
Медицина қызметкері күніне орай елорданың спорт қайраткерлері денсаулық сақтау саласы өкілдеріне арналған алғыс челленджін бастады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Челлендж аясында спорт саласының өкілдері әлеуметтік желілерде дәрігерлерге, медбикелерге, фельдшерлерге және денсаулық сақтау жүйесіндегі мамандарға кәсібилігі, жанқиярлығы және азаматтардың денсаулығы жолындағы күнделікті еңбегі үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.
Олар өз жазбаларында медицина қызметкерлерінің қоғам өміріндегі маңызды рөлін атап өтіп, дендеріне саулық, отбасыларына амандық және кәсіби қызметтеріне табыс тіледі.
Бастама медицина саласы қызметкерлерінің еңбегіне құрмет пен алғысты арттыруға, сондай-ақ олардың жауапты әрі маңызды жұмысының маңызын насихаттауға бағытталған.