
Астанада балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлауының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыс күшейтілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен, Полиция департаментімен және еріктілер ұйымдарымен бірлесіп, халық арасында түсіндіру жұмысын күшейтіп, арнайы акциялар өткізуді қолға алды.
Елорданың Сарайшық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Аманжол Кадырбековтің айтуынша, мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – балалардың өмірін сақтау және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.
«Балалардың терезеден құлауы көбіне ересектердің бір сәт баланы назардан тыс қалдыруынан болады. Сондықтан тұрғындарды қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға шақырамыз. Қазіргі таңда көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға арнайы терезе қорғаныс құрылғылары орнатылып, профилактикалық жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді», – деді ол.
Бүгінде қала бойынша мыңнан астам терезеге арнайы блокиратор мен терезенің ашылуын шектейтін қорғаныс құралдары орнатылған. Сонымен қатар қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 150-ден астам рет үйлерді аралап шығып, 6 мыңға жуық тұрғынды ақпараттық-түсіндіру шарасымен қамтыды.
Акцияға қатысушының бірі Әйгерім Рақымжанова мұндай бастаманың маңыздылығына тоқталды.
«Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Осындай акция арқылы ата-аналарға қауіптің алдын алу жолдары түсіндіріліп, қауіпсіздік мәдениеті қалыптасады деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны.
Сондай-ақ, қаладағы 55-тен астам мектеп пен балабақшада оқушылар, педагогтер және ата-аналармен кездесулер өткізіліп, жазатайым оқиғаның алдын алу мәселесі талқыланды.