
Астана қаласындағы №111 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып түлектері аттестаттарын алып, ерекше бастама көтерді. Дәстүрлі түрде мейрамханада мерекелеудің орнына олар қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, онкология бөлімінде ем алып жатқан балаларға қолдау көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Болашақ бізді бірге күтеді!» атты әлеуметтік-қайырымдылық акциясы аясында түлектер ауыр дертпен күресіп жатқан балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, өмірге деген құлшынысын арттыруды мақсат етті.
Іс-шара барысында оқушылар балаларға арналған сыйлықтар мен ойыншықтар жинап, жүрекжарды тілектерін жолдады. Кейін түлектер мен ата-аналардан құралған автокеруен медициналық мекеме аумағына барып, арнайы флешмоб ұйымдастырды. Қатысушылар қолдарына «Сен Қаһармансың», «Бүгін мен мектепті аяқтасам, ертең сен де аяқтайсың» деген жалынды қолдау сөздерін құрап, ем қабылдап жатқан балаларға жігер берді.
Акцияның қорытынды кезеңінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, балаларға арнайы дайындалған сыйлық қораптары табысталды.
Түлектердің айтуынша, мектеп бітіру кешін тек көңіл көтерумен шектемей, қоғамға пайдалы іс атқару олардың саналы таңдауы болған. Осылайша олар мектеппен қоштасар сәтті мейірім мен жанашырлыққа толы игі іске арнады.
Айта кетейік, мұндай қайырымдылық шаралары бұған дейін де ұйымдастырылған. Астанадағы №5,101 білім беру мекемелерінің оқушылары қиын жағдайда жүрген балаларға қолдау көрсету мақсатында арнайы акция өткізіліп, оларға сыйлықтар табысталған болатын.