
Елорданың Полиция департаменті қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар арасындағы есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ерекше назар мектеп жанындағы лагерьлерге, сондай-ақ қалалық және жекеменшік демалыс орындарындағы түсіндіру жұмысына аударылып отыр.
Полиция қызметкерлері педагогтермен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдермен кездесулер өткізіп, есірткінің зияны мен оның денсаулыққа тигізетін кері әсері туралы түсінікті тілде ақпарат беруде.
Кездесулер барысында жасөспірімдерге құқық бұзушылықтардың салдары, оның болашақ оқуына, жұмысқа орналасуына және өмірлік мүмкіндіктеріне ықпалы түсіндіріледі.
Сонымен қатар каникул кезінде балалардың бос уақытын қауіпсіз әрі пайдалы ұйымдастыру мәселесіне де баса мән беріліп отыр.
Полицейлер оқушыларды спорттық, шығармашылық және танымдық іс-шараларға белсенді қатысуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.
Сондай-ақ «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ювеналды полиция инспекторларының қатысуымен рейдтер күшейтіледі. Бұл шаралар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүруінің алдын алуға, сондай-ақ жасөспірімдерді есірткі тұтынуға және оны таратуға тарту әрекеттеріне жол бермеуге бағытталған.
Жазғы демалыс аяқталғанға дейін профилактикалық жұмыстар елорданың барлық ауданында жалғасып, мектеп жанындағы лагерьлер мен кәмелетке толмағандардың түрлі санаттарын қамтиды.
Сонымен қатар жастарға арналған спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.