
Астана қаласында балалардың жазғы демалысы кезеңінде «Smart Bala» IT және жасанды интеллект бағытындағы жазғы жобалық лагерінің екінші маусымы өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бірінші ауысымда жобаға 5-9 сыныптардың 2000-ға жуық оқушысы қатысып, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы заманауи білім мен практикалық дағдыларды меңгерді.
Қазіргі таңда лагерь жұмысы №100, 101, 102, 103, 104, 105, 106, 107, 108, 109, 110, 111, 112, 113, 114, 115, 116, 117, 119 мектептерінде, сондай-ақ БИЛ (ұлдар) және №4 мектеп-лицей базасында жалғасып жатыр.
Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, бағдарламалау негіздерін үйрету, жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктерімен таныстыру, сондай-ақ олардың шығармашылық және зерттеушілік әлеуетін дамыту.
Лагерь бағдарламасы халықаралық білім беру трендтері мен цифрлық экономиканың талаптарын ескере отырып әзірленген. Қатысушылар бағдарламалау негіздері, робототехника элементтері, жасанды интеллект технологиялары, графикалық дизайн, ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық шығармашылық және командалық жобалау бағыттары бойынша білім алып жатыр.
Оқу процесі теория мен практиканы ұштастыру қағидатына негізделген. Оқушылар түрлі цифрлық платформалармен жұмыс істеп, веб-сайттар мен ойындардың бастапқы нұсқаларын әзірлеп, анимациялар жасап, жасанды интеллект құралдарының көмегімен шығармашылық және техникалық жобалар дайындап жүр. Сонымен қатар қатысушылар алгоритмдік ойлау, логикалық талдау, мәселені шешу және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытып жатыр.
Лагерь аясында уоркшоптар, шеберлік сағаттары, интеллектуалдық ойындар, квесттер, командалық жарыстар және жобалық жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Бұл іс-шаралар балалардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, коммуникациялық мәдениетін қалыптастыруға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал етеді.
Алдағы уақытта лагерь қатысушылары өз жобаларын қорғап, цифрлық өнімдерін таныстырады. Белсенділік танытқан және үздік нәтиже көрсеткен оқушылар арнайы марапаттарға ие болады.