
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жылыту маусымына дайындық басталып кеткені туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қалада жылыту маусымы орта есеппен 7 айға созылады. Күзгі-қысқы кезеңнен ойдағыдай өту – қаланың тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің негізгі мәселелерінің бірі. Сол себепті осы жылдың сәуір айынан бастап инженерлік инфрақұрылымды жөндеу және жаңғырту жұмысы қолға алынды.
Дайындық аясында мынадай жұмыс орындалып жатыр: «Астана-Теплотранзит» АҚ желісі бойынша ұзындығы 7,5 км болатын жылу желілеріне күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жүргізіледі, «Астана-Энергия» АҚ бойынша 3 қазандыққа, турбинаға, трансформаторға, 2 су жылыту қазандығына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізіледі.
Сол сияқты ЖЭО-2 станциясында қосымша екі су жылыту қазандығының және үшінші Телман газ жылу станциясының (ГЖС) құрылысы басталды. Аталған ГЖС Бағыстан ауданын, сондай-ақ сол жағалаудың бір бөлігін орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді. Бұл қазандықтың қуаты 620 Гкал/сағ құрайды. Сонымен қатар, «Тұран» ГЖС-тен тартылатын жылу желілерінің құрылысы аяқталу кезеңіне жетті.
Осыған дейін біз «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» (бірінші кезең) газ-жылу станцияларын салып, пайдалануға бердік. Жалпы алғанда, елорданың энергетикалық инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқандықтан, жеткілікті әрі сенімді қоры қалыптасқан.
Сондай-ақ, елорданың электр желісі инфрақұрылымын дамыту жұмысы жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 67,4 км болатын әуе және кабельдік желілерге, 68 тарату пунктіне, трансформаторлық қосалқы станцияларға және жинақты трансформаторлық қосалқы станцияларға жөндеу жүргіземіз.
Сонымен қатар, «Қабанбай батыр» 110/20 кВ қосалқы станциясының құрылысы басталды. Бұл жобаны іске асыру жаңа мешіт ауданы, Пригородный елді мекені және өзге де аумақтарды сенімді әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2025 жылы «Арай» қосалқы станциясы, 4 тарату пункті және 2 трансформаторлық қосалқы станция пайдалануға берілді», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.