
Жазғы демалыс басталысымен Астанада балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты елордада көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлап кетуінің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мамандардың айтуынша, балалардың терезеден құлауы көбіне ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы, москит торларына сенуі және терезелерде қауіпсіздік құралдарының болмауы салдарынан болады. Әсіресе жаз мезгілінде терезелердің жиі ашылуы қауіптің артуына әсер етеді.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырды. Іс-шара барысында көпбалалы отбасылардың пәтерлеріне арнайы терезе блокираторлары орнатылды. Бұл құрылғылар балалардың терезені өз бетінше ашуына жол бермей, жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
«Балалардың қауіпсіздігі – әрбір ата-ананың басты міндеті. Барша ата-аналарды терезелерге қорғаныс құлыптарын орнатуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және москит торларын қауіпсіздік құралы ретінде пайдаланбауға шақырамыз. Бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін», – деді Астана қаласы Төтенше жағдайдалар департаменті басшысының орынбасары Әрлен Бүркітбай.
Акцияға қатысқан елорда тұрғыны Мансия Макаева мұндай бастаманың маңыздылығын атап өтті.
«15-қабатта тұрамын. Екі немерем бар. Осындай қауіпсіздік құлыптарының орнатылып жатқанына қуаныштымын. Балалардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Мұндай шаралар қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі деп сенемін», – деді ол.
Мамандар тұрғындарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.