Астанада алғаш рет эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем кубогы мен Азия чемпионаты өтеді

Астанада алғаш рет эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем кубогы мен Азия чемпионаты өтеді

Астанада 13-14 маусым аралығында эстетикалық топтық гимнастикадан ең маңызды халықаралық жарыстардың бірі – Әлем кубогы мен Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Азия чемпионаты – бұл беделді құрлықтық біріншілік, ол екі жылда бір рет өткізіледі.

Турнир Қазақстан аумағында алғаш рет өтеді, бұл еліміздегі эстетикалық топтық гимнастиканың даму деңгейінің жоғары екенін және отандық мектептің халықаралық беделінің өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Жарысты ұйымдастырушылар – ҚР Туризм және спорт министрлігі, Эстетикалық топтық гимнастиканың халықаралық федерациясы (IFAGG), Астана қаласы әкімдігі және Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы.

Жарыстар «BEELINE ARENA» Ұлттық теннис орталығында өтеді.

Турнирге Беларусь, Қырғызстан, Малайзия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Финляндия, Эстония, Жапония және Қазақстан елдерінің үздік командалары қатысады.

Жарысқа 40 команда, 400-ден астам қатысушы, оның ішінде спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және делегациялардың ресми өкілдері қатысады.

Жарыс аясында «сеньорлар» және «юниорлар» жас санаттары бойынша 6 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстанның намысын мына командалар қорғайды:
• Сеньорлар: Alan (Астана), LiEl (Алматы), Asyl Tas (Шымкент), Estel (Атырау), Fiesta (Шымкент).
• Юниорлар: Samruk (Астана), Kerbez (Алматы), Izumrud-Korkem (Астана), Sunrise (Алматы), Alem (Шымкент), Space (Өскемен).
• Микс командалар: Libertad, Kerbez Mix, Aeria және Diamonds (Алматы).

Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылғы 13 маусымда сағат 12:00-де өтеді. Бағдарлама аясында көрермендерге қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттайтын және Қазақстанның қазіргі әлемдік спорт кеңістігіндегі рөлін танытатын мәдени қойылым ұсынылады.

Негізгі жарыстар қарсаңында 11-12 маусымда «Astana Alan Cup» халықаралық турнирі өтеді, оған 93 команда қатысады. Олардың арасында 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады.