
Бакуде ежелгі ат спорты түрі – човганнан (жиі полоның баламасы ретінде қарастырылады) әлем чемпионаты өтіп жатыр. «Бина» ат спорты орталығында әлемдік біріншіліктің ашылу салтанаты өтті. Бұл жарысты екінші рет Халықаралық човган федерациясы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнирге 10 ұлттық құрама қатысып жатыр, олардың қатарында Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Польша, Чили, Уругвай, Кувейт, Нигер және Нигерия бар.
Әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар да бақ сынауда. Ұлттық құрама сапында елордалық спортшылар да бар, олар халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғап жатыр.
Поло спортшысы, астаналық спортшы Әділхан Хасеновтың айтуынша, Қазақстанда човган (поло) бойынша жеке федерация әлі құрылмаған.
Қазіргі таңда ұлттық құрама Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшыларынан жасақталған. Команда сапында алаңға төрт ойыншы шығады, сондай-ақ қосалқы спортшылар да қарастырылған.
«Біз, поло спортшылары, бұған дейін халықаралық жарыстарда тәжірибе жинағанбыз. 2025 жылы біздің команда Өзбекстанда өткен Азия іріктеу турнирінде үшінші орын алды. Осы нәтиженің арқасында қазір Бакудегі човганнан әлем чемпионатына қатысып отырмыз.
Әртүрлі елдерден келген, әртүрлі мәдениет пен дәстүрді паш ететін спортшылардың қатысуы човганның бірегей спорт түрі екенін және халықаралық достықтың символы екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Човганды полоның баламасы деуге болады, алайда қазіргі полоның дамуы Англияда кең таралған.
Бұл ойында дәлдік, күш, командалық стратегия және аттың мүмкіндігін дұрыс бағалау маңызды. Бұл тек физикалық дайындық емес, сонымен қатар стратегиялық ойлауды талап етеді.
Болашақта Астанада федерация ашуды жоспарлап отырмыз, сондай-ақ Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуды да қарастырып отырмыз», – деді Әділхан Хасенов.
Әзербайжан човганның тарихи отаны болып саналады. Бұл спорт түрі – өңірдегі ең көне ат жарыстарының бірі.
Әзербайжанда човган ұлттық құндылық мәртебесіне ие, ал Қарабақ жылқыларымен ойналатын дәстүрлі нұсқасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Қазақстан құрамасы B тобында Әзербайжан, Өзбекстан, Чили және Кувейт командаларымен бірге өнер көрсетеді.
Топтық кезең ойындары 8-11 маусым аралығында өтеді, жартылай финал 12 маусымға жоспарланған, ал финалдық кездесулер мен үшінші орын үшін матч 13 маусымда өтеді.
Айта кетейік, 10 команда қатысатын турнир 13 маусымға дейін жалғасады.