Астанада «Болашақ ойындары – 2026» өтеді

Астанада «Болашақ ойындары – 2026» өтеді

29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана цифрлық және дәстүрлі спорт түрлерінің басын қосатын фиджитал спорттың әлемдік алаңына айналады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты «Болашақ ойындары» дирекциясына сілтеме жасап.

Ел астанасында жаңа буын жарыстарының 12 күндік бағдарламасына 50-ден астам ұлт өкілінен құралған халықаралық клубтардың құрамындағы 800-ден астам қатысушы, технологиялық брендтер мен мыңдаған көрермен бас қосады. Бұл додада спорт пен шоу өзара тоғысады.

«Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) бағдарламасына мыналар кіреді:
• фиджитал футбол;
• фиджитал баскетбол;
• корольдік шайқас;
• фиджитал шутер;
• фиджитал би;
• MOBA PC;
• MOBA Mobile;
• фиджитал жекпе-жек.

Ұйымдастырушылар мен IPSOS халықаралық зерттеу компаниясының деректеріне сәйкес, «Болашақ ойындары – 2025» (GOTF 2025) турнирі бұл форматқа әлемдік қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті:
• 850-ден астам қатысушы;
• әлем бойынша 461 миллионнан астам онлайн қаралым;
• 137 миллион бірегей көрермен.
Сондай-ақ «Болашақ ойындары – 2025» турниріне ондаған мың көрермен қатысып, жарыстардың трансляциясы әлемдегі жетекші медиаплатформалар мен стримингтік сервистер арқылы көрсетілді.

Еске салайық, іс-шара билеттерінің сатылымы басталып кетті. Билеттерді онлайн платформалар арқылы сатып алуға болады.