Астанада Балаларды қорғау күніне арналған концерт өтті

Астанада Балаларды қорғау күніне арналған концерт өтті

Есіл өзенінің жағалауындағы Амфитеатрда елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған концерт өтті. Өзен жағасындағы алаң мерекенің басты орындарының біріне айналды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Концерттік бағдарлама басталғанға дейін Амфитеатр маңайы елорда тұрғындары мен қонақтарына толды.

Көрерменге арнап шығармашылық нөмірлер, ән кеші және ойын-сауық бағдарламасы өтті.

Балалардың ерекше назары сайқымазақ костюмін киген аниматорларға ауды. Олар бірер күн алдын ғана елорда көшелерін аралап, қала тұрғындарын күлкіге қарқ қылған еді. Ал бұл ІІІ Халықаралық сайқымазақтар фестивалінің өзіндік жалғасына айналды.

«Концерт бізге қатты ұнады, мен мұнда балаларыммен, жиендеріммен келдім.

Мерекелік көңіл күй сыйлағаны үшін алғыс білдіремін», – деді Астана тұрғыны Ақбаян Тұрысова.

Айта кетейік, осыған дейін елордада сайқымазақтар шеруі өткен болатын: фестиваль қатысушылары қаланы аралап, балалар мен ересектерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы Халықаралық сайқымазақтар фестиваліне Қазақстан әртістері, сондай-ақ Дания, Италия, Франция, Аргентина және Ресей елдерінен келген шығармашылық ұжымдар қатысып жатыр. Бағдарламада театрландырылған қойылымдар, сахналық көріністер, цирк өнерінің элементтері және интерактивті нөмірлер әзірленген.