SUPER ӘКЕ & SUPER АНА»: Астанада отбасылық спорттық ойын-сауық сайысы өтті

SUPER ӘКЕ & SUPER АНА»: Астанада отбасылық спорттық ойын-сауық сайысы өтті

Астанадағы №67 «Шұғыла» балабақшасында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «SUPER ӘКЕ & SUPER АНА» атты отбасылық спорттық ойын-сауық сайысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сайыс барысында ата-аналар мен балалар «Жылдам балапан» эстафетасына қатысып, ұйымшылдықтарын көрсетті. Ал «Асық PARTY» кезеңінде ұлттық ойын арқылы мергендік пен шапшаңдықтарын сынға салды. Сонымен қатар «SUPER АНА – Оқтау тартыс» және «SUPER ӘКЕ – Бұқа тартыс» сайыстары ұйымдастырылып, ата-аналардың белсенділігі мен тапқырлығы көпшілік назарына ұсынылды.

Мерекелік бағдарлама көңілді ойындармен, ән-бимен жалғасты.

Іс-шара соңында қатысушы отбасылар «Ең ұйымшыл отбасы», «Ең белсенді әке», «Ең мейірімді ана», «Ең көңілді отбасы» сынды номинациялар бойынша марапатталып, оларға грамоталар, медальдар мен тәтті сыйлықтар табысталды.

«Бүгін, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, балабақшамызда «SUPER ӘКЕ & SUPER АНА» отбасылық спорттық сайысы өтті. Іс-шараның мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау. Аталған сайыс Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Бүгін ата-аналар балаларымен бірге түрлі қызықты эстафеталар мен жарыстарға қатысып, өздерінің ептілігі мен ұйымшылдығын көрсетті.

Осындай мерекелік шаралар балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, отбасы мүшелерінің бірлігін арттыруға ықпал етеді. Бүлдіршіндерді Балаларды қорғау күнімен құттықтаймыз! Балалардың күлкісі әрдайым шаттыққа толы болсын!» – деді «Шұғыла» балабақшасының меңгерушісі Әсел Махметова.

Балаларды қорғау күніне арналған бұл сайыс отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, балаларға жарқын эмоция мен ұмытылмас әсер сыйлады.