
Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай республикалық және халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар конкурстары мен робототехника жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттауға арналған дәстүрлі «Елорда дарындары» салтанатты іс-шарасы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«TANYM» көпфункционалды кешенінде ұйымдастырылған шараға елорданың ең үздік зияткер оқушылары қатысты.
Іс-шараны Астана қаласының Білім басқармасы мен «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырды.
Биылғы жылы «Елорда дарындары» марапатына 171 талантты оқушы ие болды.
Олардың қатарында республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, ғылыми жобалар байқауларының үздіктері және робототехника саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген оқушылар бар.
Салтанатты жиында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жас дарындарды құттықтап, олардың жетістіктері еліміздің білім беру саласының дамуына қосылған маңызды үлес екенін атап өтті. Сонымен қатар оқушылардың табыстары Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіндегі беделін арттыруға ықпал етіп отырғанын жеткізді.
Іс-шара барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Бұл марапаттар оқушылардың білім жолындағы табандылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесін айқындайды.
Жиын аясында Қазақстанның «Үздік 100 олимпиадалық мектебі» тізіміне енген елордалық білім беру ұйымдарының директорларына да алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында «Нұр Орда» мектеп-лицейі, «Спектрум» халықаралық мектебі, Білім-инновация лицейлері, №17, №46 және №91 мектеп-гимназиялары, сондай-ақ Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебі бар.
Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдау нәтижесінде астаналық оқушылар халықаралық білім додаларында үлкен жетістікке жетіп, Қазақстанның абыройын әлемдік деңгейде асқақтатып келеді.