Шығармашылық, спорт және білім: Астанада QOSYMSHA FEST фестивалі өтті

Шығармашылық, спорт және білім: Астанада QOSYMSHA FEST фестивалі өтті

Елордада Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған QOSYMSHA FEST фестивалі өтті. Ауқымды іс-шараға жеке қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері, олардың ата-аналары, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фестивальдің негізгі мақсаты – балалардың өнер, спорт және білім саласындағы жетістіктерін көрсету, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесін танымал ету.

Бұл күні амфитеатр сахнасында шығармашылық ұжымдар, түрлі үйірмелер мен секциялардың тәрбиеленушілері өнер көрсетті, спорттық көрсетілімдер ұсынылды, дефиле өтіп, интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Келушілердің ерекше назарын балалар жұмысының көрмесі аударды, онда суреттер, мүсіндер және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары ұсынылды.

Астана әкімдігінің қосымша білім беру бөлімінің басшысы Дидар Байтасовтың мәліметінше, фестиваль жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша пилоттық жоба аясында жұмыс істейтін және мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсететін жеке ұйымдарды бір алаңға біріктірді.

«Балаларды қорғау күні қарсаңында біз ұйымдардың жұмысын және тәрбиеленушілердің жетістіктерін көрсету үшін жобаның барлық қатысушысын бір алаңға жинауды жөн көрдік.

Фестиваль QOSYMSHA FEST деп аталды, өйткені пилоттық жоба мен бірыңғай мемлекеттік тапсырыс QOSYMSHA платформасы арқылы жүзеге асырылады», – деді ол.

Жоба аясында іске асырылып жатқан бағыттар туралы сұраққа жауап бере отырып, спикер жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі үш негізгі санатты қамтитынын айтты: спорттық, көркемдік және білім беру бағыттары.

«Олардың әрқайсысы бойынша тиісті нормативтік құжаттармен бекітілген үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Үш бағыт бойынша барлығы 40-қа жуық үйірме мен секция түрі бар. Оларға Астана қаласында тұратын төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі балалар қатыса алады, өйткені жоба елорда аумағында іске асырылып жатыр», – деп атап өтті спикер.

Қазіргі уақытта жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесімен 45 мыңға жуық бала қамтылған.

«Ата-аналар платформа арқылы электронды кезекке тұрады, бөліну жылына бірнеше рет өткізіледі. Ваучер алғаннан кейін бала өзі қызыққан үйірмені таңдай алады», – деді бөлім басшысы.

Ол сондай-ақ жоба балаларға өз қызығушылықтарына байланысты оқу бағытын өзгертуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Егер бала, мысалы, бокс секциясына қатысып, біраз уақыттан кейін көркемдік бағытқа ауысуды жөн көрсе, ол үйірмені өзгертіп, басқа сабақтарға жазыла алады.

Мұндай мүмкіндік жүйеде қарастырылған», – деді Дидар Байтасов.

Сабақтар белгіленген кесте бойынша өтеді. Таңдаған бағдарламасына байланысты балалар үйірмелерге аптасына екі немесе үш рет қатыса алады. Жеке қосымша білім беру ұйымдарынан бөлек, елордада балалардың қабілеттері мен талантын дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік мекемелер де жұмыс істейді.

«Қалада мұндай мекемелердің саны 25-ке жуық», – деді спикер.

Ұйымдастырушылар QOSYMSHA FEST фестивалі балалар мен олардың ата-аналары үшін ерекше мереке ғана емес, сонымен қатар жастардың өз қабілетін дамытуға, талантын ашуға және өз әлеуетін паш етуге ықпал ететін қосымша білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін көрсетудің тиімді алаңына айналғанын атап өтті.