Кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру: жұмыс берушілер нені ескеруі керек

Кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру: жұмыс берушілер нені ескеруі керек

Жазғы каникул қарсаңында кәмелетке толмаған азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі өзекті бола түседі. Сонымен қатар, жұмыс берушілер жасөспірімдермен еңбек шартын жасау ерекшеліктерін ғана емес, сондай-ақ еңбек шарттары туралы мәліметтерді Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне енгізу бойынша міндеттемелерді де ескеруі қажет. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, еңбек шарты 16 жасқа толған азаматтармен жасалуы мүмкін. Дегенмен, заңнамада белгілі бір шарттар сақталған жағдайда одан да төмен жастағы тұлғаларды жұмысқа орналастыруға рұқсат етіледі.

Атап айтқанда, 15 жастан бастап негізгі орта немесе жалпы орта білім алып жүрген оқушылармен еңбек шарты жасалуы мүмкін. Ал 14 жастан бастап оқу уақытынан бос кезде денсаулыққа және оқу процесіне зиян келтірмейтін жеңіл жұмыстарға тартуға рұқсат етіледі. 14 жасқа толмаған жасөспірімдер мәдениет және өнер ұйымдарында, соның ішінде театр, концерттік ұйымдар, цирк және кинематографиялық жобаларда шығармаларды орындауға қатыса алады. 16 жасқа толмағандармен еңбек шартын жасасу кезінде оны баланың заңды өкілдерінің бірі міндетті түрде қол қоюы тиіс.

Еңбек заңнамасы кәмелетке толмаған жұмысшылардың денсаулығы мен моральдық дамуын қорғауға бағытталған арнайы шараларды қарастырады. Еңбек кодексінің 26-бабына сәйкес, 18 жасқа толмағандарды ауыр жұмыстарға және зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайларына қабылдауға тыйым салынады.

Сондай-ақ олар жұмыс берушінің мүлкі мен құндылықтарына толық материалдық жауапкершілік жүктелетін лауазымдарға орналаса алмайды. Бұдан бөлек, олардың денсаулығына немесе адамгершілік дамуына теріс әсер етуі мүмкін жұмыстарға тартуға болмайды.

Кәмелетке толмаған қызметкерлер үшін жұмыс уақыты қысқартылған: 14-16 жас аралығында аптасына 24 сағаттан, 16-18 жас аралығында аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс. Сонымен қатар, 18 жасқа толмағандардың түнгі уақытта жұмыс істеуіне болмайды.
Түнгі уақыт – 22:00-ден 06:00-ге дейінгі кезең. Жазғы демалыстың басталуы себепті жұмыс берушілер кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуі қажет.

Жұмыс берушілер еңбек қатынастары туралы мәліметтерді Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне (ЕСУТД) уақытылы енгізуге міндетті. Еңбек шарты жазбаша немесе электрондық түрде жасалып, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастарының негізі болып саналады. Жүйеге еңбек шартын жасасу, өзгерту және тоқтату туралы мәліметтер, оның ішінде тараптардың деректері, қызметкердің лауазымы, жұмыс орны, шарт мерзімі және еңбек қызметінің басталу күні енгізілуі тиіс.

Сонымен қатар, жұмыс берушілер жүйеде жүктілік және босану демалыстары, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты демалыстар туралы ақпаратты көрсетуі қажет.

Еңбек шарты туралы мәліметтер жүйеге 5 жұмыс күні ішінде, өзгерістер 15 күнтізбелік күн ішінде, ал еңбек қатынастарының тоқтатылуы 3 жұмыс күні ішінде енгізілуі тиіс. Бұл талаптарды сақтау міндетті болып саналады.

ЕСУТД жүйесіне ақпаратты енгізбеу, уақытылы енгізбеу немесе толық емес әрі жалған мәлімет берілгені үшін 30-дан 150 АЕК-ке дейін айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

2026 жылғы 8 маусымнан бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды еңбек шарты ретінде тану мүмкіндігін көздейтін заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Егер еңбек қатынастарының кемінде бір белгісі анықталса, мұндай шарт еңбек шарты ретінде қарастырылуы мүмкін.

Ол белгілерге белгілі бір мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша жұмысты орындау, жұмыс берушінің еңбек тәртібіне бағына отырып жеке орындау және еңбекақы алу жатады. Мұндай жағдайда осы қатынастарға еңбек заңнамасының барлық нормалары, соның ішінде ЕСУТД-ға мәлімет енгізу талаптары қолданылады.

Осыған байланысты жұмыс берушілер қолданыстағы азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарын талдап, қажет болған жағдайда оларды заң талаптарына сәйкестендіруі ұсынылады.