Астанада балаларға халықаралық көрмеге тегін экскурсия ұйымдастырылды

Астанада балаларға халықаралық көрмеге тегін экскурсия ұйымдастырылды

Астанада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында қалалық прокуратура балаларға «Leonardo Da Vinci Genius of the Renaissance» халықаралық көрмесіне тегін экскурсия ұйымдастырды.

Көрме Бейбітшілік және келісім сарайы ғимаратында өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Танымдық-мәдени іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылып, Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылды.

Экскурсия барысында балалар әйгілі италиялық суретші әрі ғалым Леонардо да Винчидің өмірбаянымен танысып, оның шығармашылығына арналған экспонаттарды тамашалады.
Астана қаласы прокуратурасы кадр қызметінің басшысы Әділет Мұсабайдың айтуынша, мұндай іс-шаралар оқушылардың жазғы демалысын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді.

«Елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл экскурсия Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізіліп отыр Қазір – демалыс уақыты, сондықтан балалардың жаз мезгілін мазмұнды әрі пайдалы өткізуі өте маңызды. Бүгін оларда Леонардо да Винчидің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалап, көптеген жаңа әрі қызықты мәліметтермен танысып, рухани тұрғыдан баюға бірегей мүмкіндік бар», – деді Әділет Мұсабай.