Азия чемпионы атанған елордалық палуан елге оралды

Азия чемпионы атанған елордалық палуан елге оралды

Вьетнамның Дананг қаласында күрес түрлерінен жастар арасында өткен Азия чемпионатында елордалық спортшы Айбек Айтбеков грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп, еліміздің абыройын асқақтатты. Жеңімпазды елге оралған сәтте қалалық спорт мекемелерінің басшылары мен ұжымы, ата-анасы, бапкерлері және күрес түрлері федерациясының өкілдері салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кездесу барысында чемпионға ыстық лебіздер айтылып, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруына тілектес екендері білдірілді.

«Азия чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Өзіміз жоспарлаған нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын. Бапкерлерімізбен бірге нақты мақсат қойып, соған сай дайындалдық. Алдағы жоспарым – босаңсымай, U23 жастар арасындағы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалу. Бұдан бөлек, ағайларымның айтуымен алдағы жарыстарға да дайындық жұмысын жалғастырамыз», – деді Азия чемпионы Айбек Айтбеков.

Айбек Айтбеков осыған дейін де халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелерімен танылып келеді. Ол – Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы.

Сонымен қатар, еркін күрестен елордалық балуан Ризабек Айтмұхан 125 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті алтын жүлдені салды.

Айта кетейік, аталған Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 7 алтын, 10 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, жоғары нәтиже көрсетті.