«Заң мен тәртіп»: Астанада тұрғындардың діни сауатын арттыруға бағытталған акция өтті

«Заң мен тәртіп»: Астанада тұрғындардың діни сауатын арттыруға бағытталған акция өтті

Елорданың Орталық жағажайы аумағында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Ашық алаң» атты ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті. Іс-шара Дін істері басқармасының қолдауымен «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Акция «Заң мен тәртіп – тұғырымыздың негізі» тақырыбында ұйымдастырылды.


Негізгі мақсат – тұрғындардың діни сауатын арттыру, деструктивті діни ағымдардың қаупі туралы ақпарат беру, сондай-ақ діни саладағы заңнаманы түсіндіру.

Іс-шара қатысушылары үшін ұлттық құндылықтар, дәстүрлер, Қазақстан тарихы, сондай-ақ дін мен салт-дәстүр сабақтастығына арналған «сұрақ-жауап» форматындағы викторина ұйымдастырылды. Балалар үшін Отан, отбасы, білім және адамгершілік құндылықтары тақырыбында мақал-мәтелдер байқауы өткізілді.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталып, акцияны ұйымдастыруға белсенді қатысқан еріктілерге естелік сыйлықтар берілді.

Акция барысында тұрғындарға деструктивті діни ағымдардың қаупі, тыйым салынған террорлық және экстремистік ұйымдар тізімі, сондай-ақ сенімді ақпарат көздерін пайдалану жөніндегі ұсынымдар қамтылған үш мыңнан астам ақпараттық брошюра таратылды.

Сондай-ақ келушілерге діни экстремизмнің алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.

#законипорядок #заңментәртіп