Астанада 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтеді

Астанада 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтеді

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында келесі жылы өтетін әлем чемпионаты туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Елордамыз әлемдік бокстың орталығына айналмақ – Астанада 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл – қала үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.

Бокс – Қазақстанның болмысымен біте қайнасқан спорт түрі. Бұл – қайсарлықтың, тәртіптің және жеңіске деген жігердің көрінісі.

World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкинмен, World Boxing ұйымының бас хатшысы Том Диленмен және т.б. кездестім.

Кездесуде әлем чемпионатына дайындық, спорт инфрақұрылымының әзірлігі және алдағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы еліміздің бокстағы әлеуеті өте жоғары екенін, бұл жетістіктер халықаралық спорт аренасында мойындалғанын атап өтіп, «алдымызда боксты ұлттық спорт түріне айналдыру міндеті тұр» деген болатын.

Бокстан әлем чемпионаты тек ауқымды спорттық дода ғана емес, қазақстандық бокстың жоғары деңгейін тағы бір мәрте айқындайтын маңызды іс-шара боларына сенімдімін.

Чемпионатты ең жоғары деңгейде өткізу үшін бар күш-жігерімізді саламыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.