Астанада зейнеткерлерге арналған ерекше іс-шаралар өтеді

Астанада зейнеткерлерге арналған ерекше іс-шаралар өтеді

Елорданың Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнеткерлер үшін жазғы маусымның ашылуына орай Жетісу саябағында «Жадыраған жаз» атты зейнеткерлер дискотекасын өткізеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара әр сәрсенбі күндері сағат 17:00-19:00 аралығында өтеді. Зейнеткерлерге арналған ретро әндерден би кештері ардагерлерді әлеуметтендіру, сауықтыру және егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылады.

Бұл бастама екінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда, 2025 жылы жаз маусымында зейнеткерлер үшін 15 мәрте дискотека өтті.

Дискотека кештерінде зейнеткерлер өз концерттік бағдарласын ұсынады, кеште би ұжымдары мен жеке орындаушылар да өз өнерлерін ортаға салады.

Сонымен қатар, жаз маусымы ашылғаннан бері Жерұйық, Президенттік, Орталық, Ататүрік және Ботаникалық саябақтарда, Нұржол гүлзарында сағат 9.00-11.00-ге дейінгі аралықта таңғы сауықтыру жаттығулары өтеді. Күн сайын зейнеткер йога, оңалту гимнастикасы, пилатес, скандинавиялық серуен және «Цигун» тыныс алу гимнастикасынан таңғы жаттығулар жасайды.
Сауықтыру жаттығуларын Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының білікті нұсқаушылары қыркүйек айына дейін кестеге сәйкес өткізетін болады.