Астанада 150 мың мектеп оқушысы есірткі қолданудың зияны туралы жалпықалалық диктант жазды

Астанада 150 мың мектеп оқушысы есірткі қолданудың зияны туралы жалпықалалық диктант жазды

Елордалық мектеп оқушылары арасында «Есірткі және психобелсенді заттарды тұтынудың салдары» тақыбырында жалпықалалық диктант өткізілді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Ауқымды профилактикалық акцияның ұйымдастырушысы – қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы. Оған елорданың 150 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысты.

Акцияның басты мақсаты – жасөспірімдерде есірткіге деген теріс көзқарас қалыптастыру, құқықтық және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында есірткі тұтынудың алдын алу.

Іс-шараның негізгі алаңы №106 мектеп-гимназиясы болды, онда диктанттан бөлек мектеп оқушылары үшін арнайы тақырыптағы бағдарлама ұйымдастырылды.

Акция аясында оқушыларға адамның тәуелділігі, өмірлік таңдауы және зиянды әдеттердің әлеуметтік салдары тақырыбына арналған әлемдік суретшілердің туындыларынан көрме ұсынылды. Сонымен қатар, жасөспірімдер үшін «журналистік орындық» форматында сұхбат жүргізілді, оның барысында мектеп оқушылары есірткі мәселесі, психобелсенді заттардың жастарға әсері және тәуелділіктің алдын алудағы отбасы мен қоғамның рөлі туралы өз пікірлерін ашық білдіре алды.

Полицияда мұндай формат жасөспірімдерді тек білім беру процесіне ғана емес, сонымен бірге ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірін белсенді талқылауға тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Диктантқа қатысу арқылы мектеп оқушыларына есірткі құралдары мен психобелсенді заттарды тұтынудың негізгі салдары, сондай-ақ тыйым салынған заттарды таратқаны және сақтағаны үшін жауапкершілік туралы ескертілді.