
18 мамыр – Халықаралық музей күні. Астанада музей қала тұрғындары үшін ерекше орын алады. Бұл – өткен мен бүгінді жалғап, тарихтың терең қатпарларын, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны танытатын тағылым ордасы. Бүгінде елордада бірқатар музей қала тұрғындарының игілігі үшін жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Бірлескен музейлер дирекциясы елорданың мәдени өмірінде маңызды орын алып отыр. Дирекция құрамындағы Сәкен Сейфуллин музейі, «АЛЖИР» мемориалды музей кешені және Өнер музейі ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптейтін маңызды мәдени нысандарға айналды.
Сәкен Сейфуллин музейі – қазақ әдебиеті мен руханиятының құнды мұрасын сақтап отырған тағылымды орын. XIX ғасырда салынған ағаш сәулет өнерінің тарихи ғимараттарында орналасқан музей өткен ғасырдың тынысын бүгінгі ұрпаққа жеткізетін ерекше мәдени кеңістік ретінде танылған.
Музей қорында ақынның өзіне тиесілі бірегей жәдігерлер сақталған. Олардың қатарында «Ундервудъ» баспа машинасы, алтын қалта сағаты, қолтаяғы, костюмі, қолжазбалары, тұрмыстық бұйымдары мен жеке заттары бар. Сонымен қатар, ақынның жұбайы Гүлбаһрам Сейфуллина пайдаланған тігін машинасы, отбасылық фотосуреттер мен құжаттар да келушілер назарына ұсынылған.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2025 жылғы 9 қазанда ресми түрде ашылған Өнер музейі ұлттық музыкалық мұраны насихаттайтын жаңа мәдени кеңістікке айналды.
Музей экспозициясында қазақ халқының және түркі халықтарының көне музыкалық аспаптары қойылған. Мұнда 1600-ден астам аспап түрі сақталған.
Әсіресе желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық, дабыл, керней, бұғышақ, нар дауылпаз және сыбызғының сирек үлгілері келушілердің ерекше қызығушылығын тудырады.
Үрмелі аспаптарға жататын сазсырнайдың әлемде кездесетін 400-ден астам түрі де осы музей қорында жинақталған. Экспонаттардың бір бөлігі музей қызметкерлерінің қолымен жасалса, енді бірі жылдар бойы жинақталған құнды мұралар саналады.
Музей жанынан құрылған мультиаспаптық ансамбль ұлттық аспаптарды жаңғыртуға және көне әуендерді заманауи сахнада насихаттауға үлес қосып келеді. Ұжым мүшелері музыкалық аспаптарды өздері жасап, авторлық композициялар орындайды.
Сонымен қатар музей жанындағы ғылыми-зертханалық шеберханада көне музыкалық аспаптарды қалпына келтіру және зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
«АЛЖИР» – ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған бірегей мемориалды музей кешені.
Музей кешені 2007 жылғы 31 мамырда Ақмола облысы Целиноград ауданының Ақмол ауылында, бұрынғы «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері» орнында ашылды.
Кешен құрамына «Қасірет қақпасы» монументі, «Көз жасы» стеласы, тұтқын әйелдер тұрған барак, «АЛЖИР тұтқындарын балаларынан айыру» диорамасы, «Алаш» бағы және бірнеше мемориалдық композиция кіреді. Музей қорында жалпы саны 19 913 музей заты сақталған.
Музей – өткенді сақтайтын орын ғана емес, ұлт жадысын жаңғыртып, келер ұрпаққа аманаттайтын маңызды мәдени кеңістік. Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты музейлер бүгінде тарих пен мәдениетті дәріптеп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды жаңа форматта насихаттайтын заманауи мәдени орталықтарға айналып отыр.