
Астанада 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында «Балаларды қорғау күніне» арналған бокстан қалалық чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін жарысқа шамамен 80 жас спортшы қатысып отыр. Қатысушылар қатарында №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері және жергілікті жеке меншік клубтардың спортшылары бар.
Чемпионат Aspan спорт кешенінде өтіп жатыр.
«1 маусым – Балаларды қорғау күніне арналған кіші жасөспірімдер арасында Астана қаласының ашық біріншілігін өткізіп жатырмыз.
Жарыс 5 күнге созылады. Қатысушылар 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Ең мықтылары күзде өтетін аймақтық Қазақстан біріншілігіне жолдама алады, оны жеңгендер Қазақстан чемпионатына баратын болады. Айта кетейік, бүгінгі жарыс World Boxing халықаралық федерациясының ережесі бойынша өтеді. Жарыс Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр», – деді №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрболат Ырысмағамбетов.
Сондай-ақ Ташкентте бокстан өткен Азия чемпионатында топ жарып, чемпион атанған елордалық былғары қолғап шеберлері Нұрислам Бактубаев пен Сағым Сабыржан жарыстың құрметті қонағы болды. Олар жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Бұл турнир олар үшін маңызды кезең, сондықтан үлкен сәттілік тілеймін, көп чемпиондар шықсын. Бізден озып, әлем, Олимпиада чемпиондары атансын.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, тәртіпсіз ешкім чемпион бола алмайды.
Сондай-ақ, ата-аналарын тыңдап, олардың үмітін ақтауларына тілектеспін», – деді Нұрислам Бақтыбаев.