
Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында, сондай-ақ Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 18 мамыр мен 8 маусым аралығында Қазақстанда «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясы өтеді. Оның барысы туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан мен Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркін Жанабіл мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылып отыр және қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға, отбасы институтын нығайтуға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға және құқық қорғау органдарына деген қоғамдық сенімді арттыруға бағытталған.
«Астанада «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы аясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған ауқымды профилактикалық, ақпараттық-түсіндіру және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Іс-шараларға мемлекеттік органдар, полиция қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, психологтар, еріктілер, жастар және БАҚ өкілдері қатысады. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер,дәрістер және пікірталас алаңдарын өткізуге ерекше көңіл бөлінеді.
Оқушыларға, студенттерге және ата-аналарға психологтар, заңгерлер және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен семинарлар, тренингтер мен кеңестер ұйымдастырылады.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары оқу орындарында, сауда-ойын-сауық орталықтарында және қоғамдық кеңістіктерде де жүргізіледі», – дейді спикерлер.
Сонымен қатар тұрғындармен көшпелі кездесулер, қайырымдылық акциялары, рейдтік іс-шаралар өткізу және дағдарыс орталықтарына қолдау көрсету жоспарланған.
Акция қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға және отбасындағы өзара құрмет пен жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
Акцияның басты іс-шараларының бірі - 20 мамыр күні Астана қаласының Полиция департаменті алаңында дөңгелек үстел. Оған мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдары қатысады. Кездесуде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту мәселелері қарастырылады.
Сондай-ақ, акция аясында бірқатар әлеуметтік және ақпараттық бастамалар жоспарланған. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы балалар үшін арт-терапия ұйымдастырылады, ал «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында тақырыптық инсталляциялар мен ақпараттық баннерлер орналастырылады. Әлеуметтік ақпарат шолу дөңгелегінде көрсетіліп, елорда мектептерінде тақырыптық дебаттар өтеді. 1 маусым - Балаларды қорғау күніне арналған Астананың Орталық саябағындағы мерекелік іс-шарасы өтеді.
Бүгінде Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасы институтын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қалада дағдарыс орталықтары, психологиялық көмек қызметтері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі полицияның мамандандырылған бөлімшелері, сондай-ақ Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы жұмыс істейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес - тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
«Аталған акция аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болып жүрген балалар мәселесіне ерекше назар аударылады. Өкінішке қарай, отбасындағы жанжалдар мен агрессияның ең әлсіз әрі қорғансыз тарабы көбіне балалар. Егер бала қорқыныш пен үрей жағдайында өсіп, ал әйел өз мәселесімен жалғыз қалса, әділетті әрі қауіпсіз қоғам құру мүмкін емес. Сондықтан акцияның басты мақсаты - қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін нығайту», – деді ұйымдастырушылар.
Акция аясында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жауапты ата-ана болу және қауіпсіз балалық шақ қағидаттарын насихаттайтын кең көлемді ақпараттық науқан ұйымдастырылады.
Акцияның негізгі ұрандары жазылған баннерлер, футболкалар, тулар және өзге де тақырыптық атрибутика дайындалады. Іс-шараға қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалар, блогерлер, жастар ұйымдары мен еріктілер қозғалысының өкілдері де қатысады.
Ақпараттық сүйемелдеу келесі хэштегтер арқылы жүзеге асырылады: #ЗаңМенТәртіп, #БалалардыҚорғау, #ОтбасындаЗорлықЗомбылықсызҚазақстан, #ЗорлықЗомбылыққаЖолЖоқ, #ПолицияҚорғайды, #ҚорқынышсызҮй, #ҚауіпсізБалалықШақтыңКепіліЖылы
Акция «Отбасында зорлық-зомбылықсыз – Қазақстан!» атты ауқымды қалалық флешмобпен қорытындыланады. Оған жастар, қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар мен елорда тұрғындары қатысады.
Ұйымдастырушылар мемлекет, қоғам, ата-аналар, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдар күш біріктіргенде ғана өзара құрметке, сенімге және адамгершілікке негізделген қарым-қатынас орната алатын ұрпақ тәрбиеленетініне сенімді.