
Елордада күн жылынған уақыттан бастап кенелер көбейе бастады. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы кене шаққан жағдайда тұрғындарға дереу медициналық көмекке жүгіну қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Кене шаққан жағдайда қаладағы травматологиялық пунктерге шұғыл түрде қаралу қажет. Олар мына мекенжайларда орналасқан:
Ересектерге арналған травмпунктер:
• Р. Қошқарбаев даңғылы, 66 (№1 көпсалалы қалалық аурухана);
• Ә. Молдағұлова көшесі, 26Б (№3 көпсалалы қалалық аурухана).
Балаларға арналған травмпункт:
• Р. Қошқарбаев даңғылы, 64 (№2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы).
Сонымен қатар, жұқпалы аурулар стационарының қабылдау бөлімінен де көмек алуға болады:
• А1 көшесіндегі Қалалық инфекциялық орталық;
• Тұрар Рысқұлов көшесі, 12 мекенжайындағы №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы.
Мамандар кенені өз бетімен алуға болмайтынын нықтап тұрып ескертті.
«Егер кенені өзіңіз жұлып алсаңыз, оның денесі зақымдануы мүмкін. Басы тері астында қалып қойып, инфекцияның тез тарауына себеп болуы ықтимал», – деді дәрігерлер.
Елордалық дәрігерлер қарапайым сақтық шаралары ауыр зардаптардың алдын алып, өзіңізді және балаларыңызды қорғауға көмектесетінін еске салды.
Табиғат аясына шыққанда, орманды және саябақ аймақтарына барған кезде мынадай сақтық шараларын сақтау қажет:
• жабық киім мен бас киім кию;
• кенеге қарсы арнайы репелленттер қолдану;
• серуеннен және табиғат аясындағы демалыстан кейін өзін-өзі және бір-бірін тексеру;
• киім мен жеке заттарда кененің бар-жоғын мұқият тексеру.