Елордалық педагогтар оқу-тәрбие үрдісінде ЖИ-ді қолдану әдістерін талқылады

Елордалық педагогтар оқу-тәрбие үрдісінде ЖИ-ді қолдану әдістерін талқылады

 

Астанада №93 «Айгөлек» балабақшасының алаңында «Ұлттық құндылықтарды тәрбиелеуде жасанды интеллектіні пайдалану» тақырыбында қалалық семинар өтті. Іс-шара педагогтардың, әдіскерлердің, цифрлық технологиялар саласындағы мамандардың және қаланың білім беру мекемелері өкілдерінің басын қосты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Семинарға қатысушылар тәжірибе алмасып, жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында балаларды тәрбиелеудің заманауи тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ олар білім беру және тәрбие үрдісінде технологияларды қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. Заманауи цифрлық құралдар арқылы ұлттық құндылықтарды, мәдениетті, тіл мен дәстүрді сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Заманауи технологиялар ұлттық мәдениет элементтері негізінде цифрлық суреттер, интерактивті хикаялар, анимациялар, музыкалық және көркем жұмыстар орындау арқылы балалардың ұлттық мұраға деген қызығушылығын дамытуға көмектеседі», – деп атап өтті балабақша директоры Әлия Темірболатқызы.

Семинарға қатысушылардың айтуынша, жасанды интеллект тікелей араласуды және дәстүрлі тәрбие әдістерін алмастырмауы тиіс. Керісінше, цифрлық платформалар педагогтар мен ата-аналардың мүмкіндіктерін кеңейтетін қосымша құрал ретінде қарастырылады. AI-технологияларды пайдалану оқу үрдісін әртүрлі жастағы балалар үшін қызықты, қолжетімді және дербестендірілген етеді.

Сарапшылардың пайымдауынша, цифрлық дағдыларды ерте жастан дамыту өскелең ұрпақтың заманауи әлемде еркін бағдарлануына, сонымен бірге өзінің ұлттық тамыры мен рухани құндылықтарына деген құрметті сақтауына көмектеседі.