600-ден астам конкурсқа қатысушы мен сарапшы: елордада «WorldSkills Astana-2026» XI қалалық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды

600-ден астам конкурсқа қатысушы мен сарапшы: елордада «WorldSkills Astana-2026» XI қалалық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды

Елордада «WorldSkills Astana-2026» XI қалалық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды. Биыл оған 347 қатысушы мен 291 сарапшы қатысып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жарыс 55 бағыт бойынша өтіп жатыр және IT-саласы мен инженерлік технологиялардан бастап қызмет көрсету мен шығармашылық мамандықтарға дейінгі бағыттардың кең ауқымын қамтиды.

Конкурстық сынақтар елордалық колледждердің 17 алаңында, сондай-ақ әлеуметтік серіктестердің базаларында өтеді. 16 мамыр мен 26 мамыр аралығында қатысушылар нақты өндірістік практикаға барынша жақын жағдайда кәсіби дағдыларын көрсететін болады.

Құзыреттіліктер арасында веб-технологиялар, мобильді қосымшалар әзірлеу, желілік және жүйелік әкімшілендіру, ақпараттық қауіпсіздік, бизнеске арналған IT-шешімдер, желілер инфрақұрылымы, сондай-ақ өнеркәсіп пен инженерияға қатысты бағыттар – мехатроника, мобильді робототехника, өнеркәсіптік автоматика, электроника, дәнекерлеу технологиялары, СББ (сандық бағдарламалық басқару) станоктарындағы токарлық және фрезерлік жұмыстар мәлімделген.

Жарыстың жеке блогы құрылыс және қолданбалы мамандықтарды қамтиды: кірпіш қалау, сантехника және жылыту, құрғақ құрылыс және сылақ жұмысы, плиткамен қаптау, электр монтаждау, сырлау және сәндік жұмыстар.

Сондай-ақ зертханалық және химиялық талдау, шанақты жөндеу, ағаш ұстасы ісі және ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану ұсынылған.

Қызмет көрсету саласы мен креативті индустрияларға айтарлықтай көңіл бөлінген.

Қатысушылар графикалық дизайн, сән технологиясы, компьютерлік ойындарды 3D-модельдеу, мейрамхана сервисі, аспаздық және кондитерлік іс, шаштараз өнері, наубайхана шеберлігі, флористика, мобилография, бейнемонтаж және интернет-маркетинг құзыреттіліктері бойынша бақ сынайды.

Сондай-ақ құзыреттіліктер тізімінде – кәсіпкерлік, бұлтты бағдарламалау, индустрия 4.0, E-mobility, қонақүй ресепшіні, теміржол көлігіндегі тасымалдау процесін басқару, электровозды басқару, ландшафтық дизайн және басқа да бағыттар бар.

Қалалық чемпионат аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар колледж студенттері үшін «Abilympics» және «Deafskills», сондай-ақ елорда мектеп оқушылары үшін «Jasskills» жарыстары жеке блок болып өтеді. Бұл алаңдар кәсіптік білімнің қолжетімділігін кеңейтуге және жастарды жұмысшы мамандықтарына тартуға бағытталған.

Қалалық кезеңнің жеңімпаздары осы жылдың күзінде өтетін «WorldSkills Kazakhstan-2026» республикалық чемпионатында Астананың намысын қорғайды.

Елордалық чемпионаттың жабылу және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 26 мамыр күні өтеді.