
Елордада салық берешегін азайту және азаматтардың қаржылық тәртібін нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Осы бағыттағы маңызды тетіктердің бірі – борышкерлер арасында өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару мәселелері бойынша ауқымды түсіндіру жұмысы. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Аймахан Енбаев атқарылған жұмыс туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндіріп өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Аталған шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Таза парақтан» қаулысы аясында жүзеге асырылуда.
«Акцияның қорытындысы бойынша Астана қаласында бойынша 2 мың салық төлеуші тарапынан 2,6 млрд теңге көлеміндегі берешекті өтеген. Есептен шығарылған өсімпұлдар мен айыппұлдардың жалпы сомасы 1,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, өсімпұлдар – 415 млн теңге; айыппұлдар – 856 млн теңге», – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан Республикасының Салық кодексінде салық міндеттемелерін уақытылы орындауды қамтамасыз ету тетіктері көзделгенін еске салады.
ҚР Салық кодексінің 183-бабына сәйкес, белгіленген шекті мөлшерден асатын салық берешегі қалыптасқан жағдайда, салық органы салық төлеушіге берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
Егер салық төлеуші міндеттемелерін өз бетінше орындауға мүмкіндігі болмаса, ол дебиторлық берешек сомаларын көрсете отырып, өз дебиторлары туралы мәліметтер ұсынуға міндетті. Дебиторлардан берешекті өндіріп алу туралы сот шешімдері болған жағдайда, мұндай құжаттар да салық органына тапсырылуы тиіс. Бұл ретте сотта дауланып жатқан дебиторлық берешек сомалары расталуға жатпайды.
«Салық міндеттемелері ерікті түрде орындалмаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 184-бабында көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады. Олардың қатарында салық төлеушінің және оның дебиторларының банктік шоттарынан ақша өндіріп алу, билік етуі шектелген мүлікті өткізу есебінен өндіріп алу, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қою бар. Сонымен қатар заңнамада жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару және жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығару секілді шаралар да көзделген», – дейді спикер.
Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, бұл тетіктер бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз етуге және салық тәртібін арттыруға бағытталған.
Берешекті өндіріп алудың ең тиімді тетіктердің бірі - Салық кодексінің 186-бабында қарастырылған дебиторлардың шоттарынан өндіріп алу шарасы. Бұл шара салық төлеушінің банктік шоттарындағы ақша қаражаты есебінен өндіріп алу шаралары қабылданғаннан кейін де салық берешегі өтелмеген жағдайда қолданылады.
Дебиторларды анықтау мақсатында салық органдары ақпараттық жүйелердің мәліметтерін пайдаланады, сондай-ақ салықтық және қарсы тексерулер жүргізеді. Дебитор анықталғаннан кейін оған дебиторлық берешекті растау туралы хабарлама жолданады. Бұған жауап ретінде дебитор өзара есеп айырысуларды салыстыру актісін немесе салық төлеуші алдындағы берешектің бар екенін растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті. Хабарлама орындалмаған жағдайда, салық органы тексеру іс-шараларын жүргізеді. Сондай-ақ, дебитордың банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру шарасын қолданады.
Берешек сомасы расталғаннан кейін салық органы расталған берешек сомасы шегінде дебитордың банктік шоттарына инкассалық өкімдер қояды.
Мемлекеттік кірістер департаменті атап өткендей, Салық кодексінің қолданыстағы нормалары салық берешегін өндіріп алудың жүйелі әрі ашық тетігін қамтамасыз етеді. Өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша өткізілген акция салық төлеушілер үшін мемлекет алдындағы міндеттемелерін реттеуге, қаржылық жүктемені азайтуға және салық тәртібін қалпына келтіруге мүмкіндік болды.
Азаматтар мен бизнес өкілдерін берешекті ерікті түрде өтеу мүмкіндіктері және мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыру жұмыстары жалғасатын болады.