
Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза сәрсенбі» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен «Индустриалды парк» аумағында («Zammler Kazakhstan» ЖШС) ұйымдастырылды.
Акцияға «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының жастары қатысты.
Іс-шара барысында жастар қоғамдық аумақты қоқыстан тазартып, тұрғындар үшін таза әрі қауіпсіз демалыс орнын қалыптастыруға үлес қосты. Акцияның басты мақсаты – қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидаларын насихаттау.
Астана қаласы Байқоңыр ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбектің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы тек сенбілік ұйымдастырумен шектелмейді.
«Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жай ғана көше сыпырып, қоқыс шығару емес. Бұл – ең алдымен қоғамның санасын жаңғыртып, тазалық мәдениетін қалыптастыратын үлкен қадам. Бүгінгі басты мақсатымыз – қоғамдық жағажайды қоқыстан тазартып, қала тұрғындарына жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнын жасап беру», – деді ол.
Айта кетейік, биыл «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының XXII еңбек маусымы басталды. Жоба аясында елорда бойынша 5 200-ден астам жас жұмыспен қамтылады. 14 пен 35 жас аралығындағы жастар құрылыс нысандарында, «жасыл белдеуде», әлеуметтік және білім беру мекемелері аумағында, сондай-ақ қала саябақтары мен көгалдандыру жұмыстарына тартылып жатыр.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan