ЖИ бар 60 мыңнан астам камера және проактивті басқару: қалада «Astana Smart City» жобасы қалай жұмыс істейді

ЖИ бар 60 мыңнан астам камера және проактивті басқару: қалада «Astana Smart City» жобасы қалай жұмыс істейді

Астана әкімдігі қаланы деректерге, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарына негізделген жаңа басқару моделіне көшіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Биыл сәуір айында Мемлекет басшысының қатысуымен «Astana Smart City» стратегиялық жобасы ресми түрде іске қосылды. Бұл бастама елорданы цифрлық трансформациялаудың маңызды кезеңіне айналып, қауіпсіз, технологиялық әрі жайлы мегаполис қалыптастыру жолындағы нақты қадам болмақ. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Astana Smart City» жобасын қала әкімдігі халықаралық G42 холдингінің құрамына кіретін Presight AI компаниясымен және «Астана Innovations» АҚ қатысуымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырып жатыр.

Бастаманың негізгі мақсаты – қаланың маңызды жүйелерін бірыңғай интеллектуалды платформаға біріктіру арқылы қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыру. Мұндай цифрлық экожүйе қаладағы жағдайды нақты уақыт режимінде талдауға, түрлі оқиғаларға жедел әрекет етуге және басқарушылық шешімдерді дәл қабылдауға мүмкіндік береді.

«Жобаның негізгі элементтерінің бірі – заманауи дата-инфрақұрылымды қалыптастыру. Елорда қажеттілігі үшін 100 серверлік сөреге есептелген дербес Деректерді өңдеу орталығы құрылды. Жаңа орталық қаланың цифрлық сервистерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, үлкен көлемдегі ақпаратты сенімді сақтауға және өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді одан әрі енгізуге технологиялық негіз қалыптастырады.

Өз инфрақұрылымының болуы қалалық ақпараттық жүйелердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға жол ашады», – деді спикер.

Жоба аясында бейнебақылау және талдау жүйесі де белсенді дамып келеді. Қазір жасанды интеллектпен жабдықталған 60 мыңнан астам камера біріктіріліп, олар 35-тен астам жағдайлық талдау түрін қолдайды. Технологиялар өрт, түтін, қараусыз қалған заттар, төбелес, агрессивті әрекеттер және басқа да қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтап, тиісті қызметтердің әрекет ету уақытын жеделдетіп, қауіп-қатерді азайтады.

Жол қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. 1 200-ден астам кешен жол қозғалысы ережесінің 15-тен аса бұзушылығын тіркейді. Оның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде телефон қолдану және жаяу жүргіншілерге жол бермеу секілді құқықбұзушылықтар бар. Мұның бәрі алдын алу шараларын күшейтуге, азаматтардың тәртібі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Қаланың ахуалдық орталығы барлық қалалық жүйеден келіп түсетін деректерді нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай үйлестіру торабына айналған.

Ол жағдайды бақылап, оқиғаларды болжайды және басқарушылық шешімдерге арналған ұсынымдар әзірлейді.

Қандай да бір оқиға болған жағдайда ақпарат автоматты түрде тиісті қызметтерге жолданып, әрекет ету уақытын қысқартып, адами фактордың ықпалын азайтады.

«Astana Smart City» жобасы елорданы проактивті басқару жүйесіне көшіреді. Бұл тәуекелдерді алдын ала анықтап, шешімдерді деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді. Қала тұрғындары үшін қауіпсіздік деңгейі артып, қызметтердің жеделдігі күшейеді, көлік және коммуналдық үдерістер мен қалалық ортаның сапасы жақсарады. Алдағы уақытта платформаны одан әрі дамыту, сервистер мен бейнеталдау жүйелерін біріктіру жоспарланып отыр. Жоба – қауіпсіздікке, жайлылыққа және тұрақты дамуға бағытталған заманауи цифрлық астананы қалыптастырудың негізгі элементтерінің бірі», – деп түйіндеді спикер.