Астаналық жас футболшылар Қазақстан чемпионы атанды

Астаналық жас футболшылар Қазақстан чемпионы атанды

Қызылорда қаласында 2012 жылғы жасөспірімдер арасында футболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталған дүбірлі додада елорданың намысын абыроймен қорғаған БЖМОРСМ №8 тәрбиеленушілері жоғары деңгейде ойын көрсетіп, чемпион атанды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Ел біріншілігіне еліміздің 11 қаласынан келген үздік 11 команда қатысып, жас футболшылар жасыл алаңда өзара мықтыны анықтады.
Топтық кезеңде астаналық өрендер қарсыластарынан басым түсіп, өз тобында бірінші орынды иеленіп, плей-офф кезеңіне сенімді түрде жолдама алды.

Жартылай финалда жергілікті Қызылорда командасымен болған тартысты кездесу жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады. Негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталғанымен, пенальти сериясында елордалық футболшылар сабырлылық пен шеберлік танытып, финалға жолдама жеңіп алды.

Ал шешуші финалдық кездесуде астаналық команда Шымкент қаласының құрамасын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, турнирдің алтын жүлдесін қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, Астана қаласы құрамасының ойыншысы Артур Голотойстров турнирдің «Үздік ойыншысы» номинациясын жеңіп алып, өз шеберлігін дәлелдеді.