
Жеңіс күні Астанадағы Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры алдындағы алаңда театрландырылған мерекелік концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара бағдарламасы кәдімгі концерттік форматтан әлдеқайда ауқымды болды. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – тарихи шындықты сақтау және жастардың азаматтық санасын қалыптастыру. Өнер арқылы көрермендерге бүгінгі бейбіт өмірдің 1940-жылдары майданға аттанып, Отан үшін жанын қиған жандардың қайсарлығы мен адалдығының арқасында келгені еске салынды.
Көрермендердің ерекше ықыласына Бауыржан Момышұлы туралы «Ар адамы – Бауыржан» деректі драмасынан қойылған үзінділер ие болды. Аңызға айналған батырдың өмірі мен ерлігіне арналған сахналық көріністер арқылы көрермендер қолбасшының ар-намыс пен парыз туралы ұстанымын тереңірек сезіне алды. Театрландырылған қойылымдар тарих беттерін тірілткендей әсер қалдырып, алаңды өткен мен бүгінді жалғаған рухани кеңістікке айналдырды.
Концерттің музыкалық бөлігі ұлттық нақыш пен терең лирикаға толы болды. Сахнада Мұқағали Мақатаев өлеңдеріне жазылған әндер мен жырлар орындалды.
Әсіресе «Ән сал, сарбаз» әні сол кештің ерлік пен рухтың символына айналды.
Көрермендер әнге қосылып, ерекше бірлік пен патриоттық көңіл күй қалыптастырды.
Алаңнан тыл ардагерлерін де, қолына гүл ұстаған кішкентай балаларды да көруге болды.
«Біздің міндет – өткенді еске алып қана қоймай, сол тарихи жадыны келесі ұрпаққа жеткізу. Осындай қойылымдар, Бауыржан Момышұлының бейнесі мен ұлт руханиятына айналған әндер арқылы біз қоғамдағы патриотизм, үлкенге құрмет секілді маңызды құндылықтарды нығайтамыз», – деді ұйымдастырушылар.