
Жеңіс күніне орай Астананың спортшылары, бапкерлері және Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты ұйымдардың қызметкерлері Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған патриоттық акцияға қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Акция қатысушылары қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-әжелері мен арғы аталары туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ ұрпақтан ұрпаққа аманат болып келе жатқан отбасылық тарихтарды жариялады.
Әлеуметтік желілерде спортшылар мен бапкерлер майдангерлердің архивтік суреттерін, отбасылық фотоларын жариялап, өлең оқып, бейнеқұттықтаулар жолдап, туған-туыстарының ерлігі жайлы әңгімеледі.
«Бұл жай ғана челлендж емес. Біздің спортшылар мен бапкерлер жыл сайын Жеңіс күнімен құттықтап келеді, бұл игі дәстүрге айналды. Біз үшін жас ұрпақтың ата-бабасының ерлігін ұмытпай, оларды мақтан тұтып, отбасы тарихын кейінгі буынға жеткізуі маңызды», – деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Акцияға танымал елордалық спортшылар мен бапкерлер де қатысып, «Жеңіс үшін рақмет! Спасибо за Победу!» деген сөздермен бейнеқұттықтаулар жазды.
Олардың қатарында әйелдер күресінен Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, Азия чемпионатының 5 дүркін және әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері Гүлмарал Еркебаева, Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарының үздік ондығына енген мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина, белбеу күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің екі дүркін чемпионы Дидар Сатбаев, көркем гимнастикадан Астананың аға бапкері Әсел Мұстафина, волейболдан Астананың аға жаттықтырушысы Бакытжан Маханов, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 4×400 метрлік эстафетада Азияның үш дүркін чемпионы Кристина Кондрашева және бокстан Азия чемпионы Бақберген Алиасқаров бар.
Сондай-ақ акцияға самбо, каратэ, таэквондо, дәстүрлі садақ ату, нысана көздеу спортының өкілдері, жас гимнасттар мен шорт-трекшілер қосылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға кез келген адам қатыса алады. Ол үшін отбасы тарихымен бөлісіп, ардагерлерге «Жеңіс үшін рақмет!» деген қарапайым әрі маңызды сөздерді айту жеткілікті.
Жарияланымдар мына хэштегтермен жарияланып жатыр: #Астана2026
#Жеңіскүні2026
#Батырларғатағзым
#Бейбіткүнгеалғыс2026
#Ерліктеріөнеге
#Есіміелесінде