Астанада Жеңіс күніне орай қоғамдық көлікте ерекше музыкалық перформанс өтті

Астанада Жеңіс күніне орай қоғамдық көлікте ерекше музыкалық перформанс өтті

Жеңіс күні елорда автобустарында жолаушылар күтпеген ерекше музыкалық қойылымның куәсі болды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Мерекеге орай «Әжелер шаңырағы» этномәдени ансамблі қоғамдық көлік ішінде ерекше әсер сыйлайтын музыкалық құттықтау ұйымдастырды.

Ансамбль мүшелері соғыс жылдарының әндерін және кеңінен танымал қазақ халық әндерін орындады. Бұл репертуар батырлар ерлігіне тағзым етумен қатар, елдің мәдени бай мұрасын дәріптеуге мүмкіндік берді. Таныс әуендер жолаушыларға тосын сый болып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

«Біз қала тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтап, өнер арқылы ерекше әсер қалдырғымыз келді. Бұл әндер – ерлік пен бейбітшіліктің, ұрпақтар сабақтастығының символы. Сондықтан соғыс жылдарының туындыларымен бірге халық сүйіп тыңдайтын қазақ әндерін де орындауды жөн көрдік. Мұндай бастаманы біз жыл сайын өткіземіз, ол қалалық дәстүрге айналып келеді», – деді ансамбль мүшелері.

Жолаушылар өнерпаздардың орындауын ықыласпен қабыл алып, бірге қосылып ән айтып, мерекелік көңіл күй мен бірлік атмосферасына өз ризашылықтарын білдірді.