
Астанада Жеңіс күні қарсаңында қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» спектаклі көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстандық драматург Қанат Жүнісовтің «Қаһарман қыз» пьесасының негізінде режиссер Игорь Седин сахналаған қойылым соғыс туралы әңгімеге ғана емес, адамның ішкі күші, достық пен рухани төзімділік туралы терең толғанысқа құрылған.
Режиссердің айтуынша, спектакльге дайындық ауқымды архивтік зерттеуден басталған. Ол Әлия Молдағұлованың өмірбаянын, майдандас достарының естеліктерін және ең бастысы, мұрағаттарда сақталған батыр қыздың хаттарын зерттеген.
Дәл осы хаттар авторларға тек қана өмірбаяндық деректерден гөрі 19 жастағы жас қыздың мінезін, сезімін және жан дүниесін шынайы жеткізуге мүмкіндік берген.
Қойылымның басты ерекшелігі – дәстүрлі соғыс көріністерінің мүлде болмауы. Сахнада атыс та, жарылыс та, ірі шайқас эпизодтары да көрсетілмейді. Режиссер мұны саналы түрде қабылданған көркемдік шешім екенін айтты.
«Біз әдейі соғыс сахналарынан бас тарттық. Қойылымда бірде-бір атыс жоқ. Бірақ қыз баладан жауынгерге дейінгі ішкі күрес пен рухани өсу бар», – деді Игорь Седин.
Мұндай тәсіл спектакльде рухани қарсылық пен адами сезімдерді алдыңғы орынға шығаруға мүмкіндік берген. Қойылымда Әлия Молдағұлова тек мерген жауынгер ретінде ғана емес, арманы, уайымы мен сезімі бар қарапайым қыз ретінде де ашылады.
«Пьесаны жаза бастағанда-ақ оны «А зори здесь тихие» фильмінің мотивтерімен байланыстырып құрғым келді.
Актерлік құрамда қиындық болған жоқ. Қыздар бәрін тез меңгерді. Қажет кезде жылдам жұмыла кетеді. Ал жігіттермен сәл күрделірек болды», – деді ол.
Қойылымдағы әсерлі тәсілдердің бірі – параллель сюжеттік желілер мен уақыт ауысымдары болды. Қазіргі сәт пен болашақ көріністері бір-бірімен астасып өрбіді. Әсіресе, сахнадан оқылған Әлия Молдағұлованың хаттары көрерменге ерекше әсер қалдырды.