
Есіл өзенінің жағалауы аумағында Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сахнада Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрамындағы вокалистер мен орындаушылар өнер көрсетті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына соғыс жылдарының әндері, попурри және отандық шығармалар орындалды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, концертке қатысқан барлық өнерпаз – Шекара қызметінің әскери қызметшілері.
«Мұндай музыкалық іс-шараларды жыл сайын 7 және 9 мамыр күндері өткіземіз. Биылғы концерттің ерекшелігі – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Талғат Бердіғұловтың волынка аспабында өнер көрсетуі болды», – деді ұйымдастырушылар.
Музыкалық нөмірлерден бөлек, көрермендер шекара қызметі сарбаздарының карабинмен жонглерлік көрсетілімін тамашалап, ерекше әсер алды.
«Концерт маған өте ұнады. Әсіресе үрмелі аспаптардағы орындау әсерлі болды. Оның үстіне осы маңда тұрамын, сондықтан мұндай шараны жіберіп алмадым», – деді астаналық Александр Коршунов.
Іс-шара көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, жастарға Отанға қызмет етудің маңызын да көрсетті.
«Шекарашылар – қорғаныстың алғашқы шебі, кез келген қауіпке бірінші болып тосқауыл қоятын жандар. Әр азамат өз батырларын білуі керек. Бүгінгі шара жастарға шекара қызметінің тек міндет емес, абыройлы әрі жан-жақты мамандық екенін айқын көрсетті. Қазір әскери салаға қызығушылық артып келеді.
Өңірлерде ардагерлердің қатысуымен арнайы сыныптар мен даярлық мектептері жұмыс істеп, жас ұрпаққа патриотизмнің мәнін терең түсіндіруде», – деді Шекара қызметінің запастағы полковнигі Жеңіс Әбенов.