
Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 халықаралық рейтингтік турнирі басталды. Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы кешенінде өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Grand Slam турниріне 36 елден 295 спортшы қатысуда. Оның ішінде 174 ер адам және 121 әйел бар. Байрақты бәсекеде Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпиондары және әлемдік рейтинг көшбасшылары бақ сынауда. Турнир жұлдыздарының қатарында Рафаэла Силва, Барбара Матич, Инал Тасоев, Ян Юн-Вэй, Джессика Климкейт секілді танымал дзюдошылар бар.
Қазақстан құрамасы өз жерінде Ғұсман Қырғызбаев бастаған үздік спортшылармен өнер көрсетеді. Ел намысын барлығы 54 спортшы қорғап жатыр.
Турнир бағдарламасына ерлер арасында 60, 66, 73, 81, 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежелері, ал әйелдер арасында 48, 52, 57, 63, 70, 78 және +78 келі санаттары енгізілген.
Жарыс қорытындысы бойынша қатысушылар 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алуға маңызды саналатын IJF рейтингтік ұпайларын иеленеді.
8 мамырда әлемдік рейтингтік турнирдің алғашқы жарыс күні басталды. Күндізгі сессияда ерлер 60 және 66 келіге дейінгі, ал әйелдер 48, 52 және 57 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде сынға түсті.
Іріктеу белдесулерінің қорытындысы бойынша Қазақстанның алты өкілі финалдық кезеңге жолдама алды.
Финалдық белдесулер 8 мамыр күні өтеді. Қола медаль үшін кездесулер сағат 17:00-де басталды.
9 мамырда татамиге Астана атынан екі спортшы шығады.
Мәди Амангелді 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, турнирді алғашқы айналымнан бастайды. Сондай-ақ Ерсұлтан Дүйсенхан 73 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, жарысты бірінші кезеңнен бастайды.
Айта кетейік, Астана Grand Slam сериясының кезеңін төртінші рет қабылдап отыр. Сонымен қатар 2027 жылы Қазақстан астанасында дзюдодан әлем чемпионаты өтеді.
Турнирдің тікелей трансляциясын QAZAQSTAN телеарнасы, QAZSPORT телеарнасы және JUDO TV платформасы көрсетеді.
Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енген Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирі 8-10 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы кешенінде өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін.