
Елордада Халықаралық отбасы және Аналар күніне орай «Анаға тағзым» аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Молдабек отбасы институтының маңызы, ананың қоғамдағы рөлі мен ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігі туралы айтты.
«Ана деген бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деп қазақ ежелден аналардың отбасындағы қадірін ерекше атап көрсеткен. Әр адамның бойындағы қасиеті, тәрбиесі, отансүйгіштігі аналарымыздың ақ сүтімен беріледі. Отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін. Өсіріп-жатқан ұл-қыздарыңыздың қызығын көріңіздер», – деді Қуаныш Молдабек.
Сонымен қатар Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, жазушы Камал Әлпейісова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Сұңқар Хангелдина, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова барша аналарды мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Іс-шара барысында бала тәрбиесі мен қоғамдық өмірде белсенділігімен танылған аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама қаланың жасыл белдеуін кеңейтіп қана қоймай, тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
«Бүгін елордада өте мағыналы іс-шара өтіп жатыр. «Анаға тағзым» аллеясының ашылып жатқанына қуаныштымыз. «Анаға тағзым» деген сөздің өзі – үлкен құрметтің белгісі. Бұл елордамызға көрік беретін орын болады деп ойлаймын. Қазақ жылы лебізін білдірген кезде «жапырағың жайылсын» деген тілек айтады ғой. Ұрпақ ана арқылы өсіп-өнеді. Ана деген – жайқалған жасыл желекпен бірдей ұғым. Сол аналарымыз сияқты бүгін егіліп жатқан біздің әр ағашымыздың да жапырағы жайылып, бұл жер жанға сая көрікті орынның біріне айналсын деп тілеймін», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева.