
Астанада Жеңіс күніне орай 9 мамырда мазмұнды мерекелік бағдарлама өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттер, спектакльдер, көше акциялары, көрмелер мен патриоттық бастамалар ұйымдастырылады. Мерекелік іс-шаралар қаланың әртүрлі аумағында өтіп, мәдени, әлеуметтік және білім беру бағыттарын қамтиды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
8 мамыр күні сағат 11:00-де Нұрлы жол теміржол вокзалы ғимаратында 9 мамырға арналған тақырыптық көрме ашылады. Елорданың мемлекеттік архиві «Ерлік дастаны» тарихи-құжаттық көрмесін және тыл еңбеккерлеріне арналған материалдар экспозициясын ұсынады.
Сол күні сағат 19:00-де Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «Ерлік дастаны» мерекелік концерті өтеді. Сонымен қатар сағат 19:00-де М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры көрермендерге «Әлия» спектаклін ұсынады.
9 мамыр күні сағат 12:00-де Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры алдында мерекелік концерт ұйымдастырылады.
Сондай-ақ дәл осы уақытта Қалалық алаң аумағында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Жеңіс күніне арналған концерт өтеді.
Кешкі сағат 18:00-де театр сахнасында «Ар адамы – Бауыржан» қойылымы көрсетіледі. Сонымен қатар Музыкалық жас көрермен театры сахнасында «Мәншүк» спектаклі қойылады.
Осы күні сағат 18:00-де Амфитеатр аумағында мерекелік концерт өтеді. Ал Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық-драма театры сахнасында «Жеңіс күні» симфониялық оркестр концерті ұйымдастырылады.
Сонымен қатар Жеңіс күніне орай елорда ардагерлеріне дәстүрлі түрде біржолғы әлеуметтік төлемдер берілді.
Төлемдер Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы №84/10-VIII шешімімен бекітілген әлеуметтік көмек көрсету қағидалары негізінде жүзеге асырылады. Осыған сәйкес, Астанадағы Ұлы Отан соғысының ардагеріне 5 миллион теңге көлемінде төлем жасалды.