FIRST World Championship: ел намысын қорғаған оқушылар Астанаға оралды

FIRST World Championship: ел намысын қорғаған оқушылар Астанаға оралды

АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST World Championship әлем чемпионатында ел намысын қорғаған астаналық оқушылар елге оралды. 7 мамыр күні таңғы сағат 08:00-де Стамбұл арқылы келген рейсті елорданың халықаралық әуежайында ата-аналары, ұстаздары мен жақындары ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Әлемдегі STEM және робототехника саласындағы ең ірі жарыстардың бірі саналатын чемпионат 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында өтті.

Байқауға 66 елден командалар қатысып, Қазақстан намысын FTC санатында үздік 12 мектеп командасы қорғады.

«First Tech Challenge турнирі АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өтті. Біз аға санат бойынша қатысып, төрт күнге созылған жарыс қорытындысында Sustain the World номинациясы бойынша бірінші орын иелендік. Бұл додаға өткен жылдың қыркүйек айынан бастап дайындалдық. Роботты өзіміз жобалап, 3D модельдерін жасап, бағдарламасын әзірледік. Хьюстондағы әлемдік жарысқа Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, жолдама алдық.

Командамызда 12 оқушы бар, робототехникамен шамамен 4 жылдан бері айналысып келеміз. Осындай халықаралық жарыстар бізге үлкен тәжірибе беріп, болашақта шетелдік университеттерге түсуге мүмкіндік ашады», – деді JELTOQSAN командасының мүшесі Ақбар Ермеков.
Қатысушылар қатарында Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының FoxSlide және Fizmat Robotics командалары да болды. Оқушылар халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, елге елеулі жетістіктермен оралды.

«Біз робототехникамен бір жылдан астам уақыттан бері айналысып келеміз. АҚШ-та өткен жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Біз де тыңғылықты дайындалып, өз деңгейімізді көрсете алдық. Байқауға әлемнің 66 мемлекетінен 350 команда қатысты. Біз алдын ала дайындаған роботымызбен өнер көрсеттік. Жобамыз экология бағытына арналды.

Робот қоқыс қалдықтарын өңдеу және археология саласына бейімделген. Осы роботпен бұған дейін де көптеген жарыстарда жеңіске жеттік. Орта Азия чемпионатында топ жарып, АҚШ-тағы халықаралық жарысқа жолдама алдық. Бұл жобаны жасауға шамамен бір жыл уақыт кетті», – деді Foxslide командасының мүшесі Дамир Күзенбай мен Fizmat Robotics командасының мүшесі Асқар Наурызбай.

Айта кетейік, команда мүшелері жарыс барысында 4 миллионнан астам аудиторияны қамтып, интерактивті QR-кодтар мен мультимедиялық шешімдер секілді заманауи тәсілдерді қолданған. Сонымен қатар олар мектептер мен балабақшаларда кездесулер, презентациялар және тәжірибелік сабақтар өткізіп, инженерлік білімді насихаттау бағытында белсенді жұмыс жүргізді.