Астанада «Мөлдір бұлақ» акциясы: еріктілер Ақбұлақ жағалауын тазартты

Астанада «Мөлдір бұлақ» акциясы: еріктілер Ақбұлақ жағалауын тазартты

Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» бастамасы өтті. Игі шара барысында еріктілер өзен жағалауын тазалап, тұрғындарды табиғатты аялауға шақырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Алматы ауданындағы Ақбұлақ саябағының жағалауында өткен сенбілікке 30-дан астам ерікті қатысты. Іс-шараның мақсаты – су ресурстары мен қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау.

Ішкі саясат басқармасының маманы Ернар Қуанышбайұлының айтуынша, қазір сенбілікке шамамен 35 ерікті қатысып жатыр. Олардың қатарында жасы үлкен тұрғындар да бар.

«Еріктілер өзен жағалауын қоқыстан тазартып жатыр. Мұндай шаралар апта сайын екі рет ұйымдастырылады. Шараның басты мақсаты – Қазақстанның тазалығын сақтау. Бұл бастама президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асып жатыр», – деді Ернар Қуанышбайұлы.

«Астана Жастары» КММ волонтерлік бөлімінің маманы Дана Азаматқызы барша қазақстандықты табиғатты қорғауға шақырды.

«Іс-шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында, «Жақсылық марафоны» апталығына орай ұйымдастырылып отыр. Сондықтан барша тұрғындарды осындай сенбіліктерге қатысуға шақырамыз. Табиғатты қорғауға бәріміз бірге атсалысайық», – деді ол.