Астанада студенттер «Esirtkisiz Elorda» нашақорлыққа қарсы қозғалысын құрды

Астанада студенттер «Esirtkisiz Elorda» нашақорлыққа қарсы қозғалысын құрды

«Esirtkisiz Elorda» есірткіге қарсы жобасы аясында Астанада студент жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған жастар қозғалысы құрылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жоба бастамашылары нашақорлықтың алдын алуға және саналы, жауапты таңдау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған белсенді студенттік қауымдастық құруды көздейді.

Жобаға елордалық жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Олардың арасынан төраға сайланып, белсенділер тобы жасақталады. Қатысушыларға арнап семинарлар, тренингтер өткізіліп, тәжірибелі психологтар мен аддиктология саласының мамандарымен кездесулер ұйымдастырылады.

Келесі кезеңде қозғалыс мүшелері өз құрдастары арасында профилактикалық іс-шараларды өздері өткізеді. Жоба «тең өз теңін үйретеді» қағидатына негізделген, бұл жастардың сенімін арттырып, белсенділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Esirtkisiz Elorda» қозғалысы студенттік ортада салауатты өмір салтын қалыптастыруға және алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде дамытуға арналған тұрақты алаңға айналмақ.