«Таза Қазақстан – жарқын болашақтың кепілі»: Астанада экологиялық тәрбие дәрісі өтті

«Таза Қазақстан – жарқын болашақтың кепілі»: Астанада экологиялық тәрбие дәрісі өтті

Астана қаласындағы №101 мектепте оқушыларға арналған «Таза Қазақстан – жарқын болашақтың кепілі» тақырыбында экологиялық дәріс өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру, экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндіру.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын оятып, экологиялық санасының дамуына ықпал етеді. Мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Мейрамкүл Сейдалина бұл кездесудің тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

«Бүгін мектебімізде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығынан келген әжелер оқушылармен кездесіп, өмірлік тәжірибелері мен көрген-білгендерімен бөлісті. Тағылымды жиын барысында олар тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтып, оқушыларға ой салды. Балалар, әсіресе, қоршаған ортаны қорғау және экология тақырыптарында пайдалы мәліметтер алып, үлкендердің әңгімесін қызығушылықпен тыңдады. Айта кетерлігі, мектебімізде ата-аналардың бастамасымен апта сайын сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді», - деді мұғалім.

Кездесу қонағы, зейнеткер Ғалия Қарашанова жиынның сұрақ-жауап форматында өткенін айтып, оқушылардың белсенділігіне жоғары баға берді.

«Іс-шара өз мақсатына жетті деп ойлаймын, өйткені оқушылар белсенділік танытып, қойылған сұрақтарға еркін жауап берді. Біз өз тарапымыздан тәлім-тәрбие берсек, балалардан жақсы энергия мен қызығушылықты байқадық. Бұл бізді ерекше қуантты. Жалпы, мектеп оқушыларының мәдениеті жоғары, білімге құштар екені байқалады. Заманауи, жайлы мектептің деңгейін көріп, балалардың осындай ортада білім алып жатқанына қуаныштымыз. Осындай маңызды кездесуді ұйымдастырған Нұра ауданының әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз. Біз үшін өз біліміміз бен тәжірибемізді жас ұрпақпен бөлісу – үлкен мәртебе», - деді Ғалия Қарашанова.

Айта кетейік, экологиялық дәріске барлығы 100-ге жуық оқушы қатысты.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan