Астанада 400-ден астам әскери кафедра түлегі ант қабылдады

Астанада 400-ден астам әскери кафедра түлегі ант қабылдады

Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алаңында 400-ден астам әскери кафедра түлегі салтанатты түрде ант қабылдап, Отан қорғаушылар қатарына қосылды. Мерекелік күндермен тұспа-тұс өткен рәсімде жас офицерлердің дайындығы мен патриоттық рухы айқын көрініп, әскери техникалар мен арнайы көрсетілімдер жиынның мәнін арттыра түсті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Салтанатты жиында әскери кафедраның 400-ден астам түлегі Отанға адалдық антын қабылдады. Рәсімге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов бастаған проректорлар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, түлектердің ата-аналары және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

ЕҰУ Әскери кафедрасының бастығы, генерал Еділ Оразов салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, түлектерді маңызды кезеңмен құттықтады.

«Бүгін сіздер үшін ерекше әрі жауапты күн. Әскери ант – бұл жай ғана рәсім емес, бұл Отан алдындағы қасиетті міндетті мойындау. Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында алған білімдеріңіз сіздерге тек кәсіби тұрғыда ғана емес, азаматтық ұстанымдарыңызды қалыптастыруда да үлкен негіз болды. Сіздер – еліміздің болашағы, тәуелсіздігіміздің тірегісіздер.

Қазіргі заманның сын-қатерлері әрбір азаматтан жоғары жауапкершілік пен дайындықты талап етеді. Сондықтан сіздердің бойларыңыздағы білім мен тәртіп, патриоттық рух – Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі.

Бүгін әскери ант қабылдай отырып, сіздер шынайы Отан қорғаушылар қатарына қосылдыңыздар. Осы мәртебелі атаққа лайық болып, Қазақстанның дамуы мен өркендеуі жолында адал еңбек етіңіздер. Баршаңызды әскери ант қабылдауларыңызбен құттықтаймын!» – деп атап өтті генерал.

Іс-шара барысында көпшілік назарына отандық Besqaru зауыты өндірген TAIMAS, AIBAR және өзге де брондалған дөңгелекті техникалар ұсынылды. Сонымен қатар, бағдарлама аясында арнайы тактикалық және көрсетілімдік қойылымдар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, TAIMAS жауынгерлік машиналарын пайдалана отырып барлау тобының іс-қимылдары көрсетілді. Бұдан бөлек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Құрмет қарауылы ротасы дефиле орындап, Қорғаныс министрлігінің Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыс элементтерін паш етті.

Әскери кафедраны аяқтаған түлектерге «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі. Бұл оларға азаматтық мамандықпен қатар әскери білім алып, болашақта еліміздің күштік құрылымдарында қызмет етуге мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл – темірдей тәртіптің, мінсіз дайындықтың және әскери дәстүрге деген адалдықтың символы. Емін-еркін орындалып жатқан әрбір қимыл жүздеген сағат жаттығудың нәтижесі.

Мерекелік шараны «Ұлттық ұлан» ансамблінің әншілері мен «Самұрық» би тобының өнерпаздары қорытындылады.