Кәсіпке бастар жол: Астанада жүздеген оқушы дәрігерден бастап IT маманына дейінгі салаларда өздерін сынап көрді

Кәсіпке бастар жол: Астанада жүздеген оқушы дәрігерден бастап IT маманына дейінгі салаларда өздерін сынап көрді

Астанада өткен «PROFI DAY» көрмесі мектеп оқушыларына болашақ мамандығын тек тыңдап емес, өз бетінше байқап көруге мүмкіндік берді. 500-ге жуық бала түрлі саланың нақты жұмыс процесіне қатысып, кәсіби таңдауын саналы түрде жасауға бір қадам жақындады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«PROFI DAY» ерекшелігі – бұл жай ғана кездесу емес, практикалық форматтағы интерактивті көрме. Іс-шара аясында 10 түрлі бағыт бойынша арнайы бұрыштар ұйымдастырылды. Әр бұрышта ата-аналар өз мамандығын таныстырып қана қоймай, оқушыларға шағын тапсырмалар орындатып, сол саланың нақты жұмыс процесін көрсетті. Көрмеде ұсынылатын негізгі бағыттар: аспаздық және сервис, құрылыс және сәулет, стоматология, IT және бағдарламалау, медиа және контент жасау, қауіпсіздік қызметі, туризм, автосервис, сұлулық индустриясы, тігін және дизайн, сондай-ақ медициналық көмек бағыттары бойынша өтті», – деді Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртазақызы.

Іс-шараның басты ерекшелігі – қатысушы мамандардың басым бөлігі мектеп оқушыларының ата-аналары.

Бұл өз кезегінде ата-аналардың кәсіби тәжірибесін балалармен бөлісуге, отбасылық байланыс пен сенімді арттыруға, мектеп пен ата-ана арасындағы серіктестікті нығайтуға үлкен мүмкіндік береді.