
Астана қаласындағы №111 мектепте Отан қорғаушылар күні қарсаңында «Profi Day: «145 сынып – 145 мамандық» форумы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы және «Еңбегі адал жас – өрен» бастамасы аясында ұйымдастырылды.
«Бұл іс-шараның ерекшелігі – оны оқушылардың әкелері өткізді. Олардың әрқайсысы өз мамандығы туралы сыр шертті.
Қатысушылар қатарында түрлі сала өкілдері болды: құрылысшылар, әскери қызметкерлер, басшылар, дәрігерлер. Олар оқушыларды өздерінің еңбек қызметімен таныстырды. Негізгі мақсат – балаларға мамандық таңдау тек табыс көзі ғана емес, Отанға адал қызмет етудің бір түрі екенін көрсету. Әр ата-ана өз жұмысын заң, тәртіп, әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық, кәсібилік, тәуелсіздік, патриотизм, жасампаздық және шығармашылық ұғымдары арқылы түсіндірді», – деді №111 мектептің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Райгүл Закирова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Profi Day: «145 сынып – 145 мамандық» форумын өткізу – білікті, адал және жауапты мамандарды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.